- Негізгі бет
- 15 сәуір 2015
- Сүйіктімізді қалай қуантамыз?...
Сүйіктімізді қалай қуантамыз? (қыздарға)
Міне, 15 сәуір – Ғашықтар күні де жақындап қалды. Ғашықтардың бақытты болуына не кепіл? Ең алдымен, қуанта білу мен қамқорлық. Ғашықтар күні сүйіктімізді қалай қуантамыз?
Әдетте, жігіттен гөрі қыз балаға сыйлық таңдап, қуантудың амалы көбірек. Алайда, қамықпаңыз, бүгін біз сіздерге бірнеше кеңес ұсынамыз.
1-амал. Жігітіңіз кешке жұмыстан/сабақтан көлікпен қайтатын болса, уақытын есептеп, радиоға хабарласып, құттықтау немесе жылы сөздер айтып, оның сүйіп тыңдайтын әніне тапсырыс беруге болады.
2-амал. 15 сәуір шамамен дала жылып, жер көгере бастайтын кез. Егер мүмкіндік болса, ауа-райы көңіліңізден шықса, көкке шығуға ұсыныс айтуыңызға болады. Өз қолыңыздан оның жақсы көретін немесе керісінше, ешқашан дәмін татпаған тағамның бірін жасап, дәмді салаттар дайындап баруыңызға болады.
3-амал. Өткен күндеріңізден сыр шертетін сурет не кішігірім естеліктерден альбом жасаңыз. Оның ішін ең қызықты, жүрекке жылы, тәтті шақтарды еске түсіретін белгілермен толтырыңыз.
4-амал. Кез келген жігіт футболды жақсы көреді. Сондықтан жігітіңіздің сүйікті футбол командасының киімін не сөмкесін сатып алып, футбол ойынына бірге барып, көруге дайын екеніңізді айтыңыз. Иә, мүмкін сізге футбол қызық емес, бірақ жігітіңіздің сүйікті ісін бөлісу – шынайы махаббаттың белгісі. Және ол бұл әрекетті бағалайтыны анық.
5-амал. Жігітіңіз экстримді жақсы көретін болса, картинг, тауға шығу, парашютпен секіру, суда қайықпен жүзу, пейнтбол секілді жерлерге екі кісілік жолдама сатып алыңыз. Ол бұған шынайы риза болары сөзсіз.
6-амал. 15 сәуір күні жігітіңіздің жүретін жерін алдын ала анықтап алып, «маршрут» ойластырыңыз. Сол бойынша оның жолында сіз қалдырған жолдаулар болуы керек. Яғни оның жолында болатын адамдар оған сіз жазған жолдауларды табыстап отырады. Ал жолдауға ең жылы, ол ғана түсінетін сөздерді жазуыңызға болады. Мысалы, «есіңде ме...».
Аталған идеялардың бірін таңдап, сүйіктіңізді қуанта алады деген үміттеміз. Бақытты болыңыздар, Ғашықтар күні құтты болсын!
Сурет: Жанель Абдуллина, Болат Срымов
Ф. Абилова