Сүйе білу мен сүйікті болу - әр жанның жүрегінің түбінде жатқан арманы. Өз сүйгеніңізді тапқаннан кейін тек сүйіспеншілікпен ғана шектеліп қалуға болмайды. Оның әрдайым көңілін аулап, қуантқаныңыз абзал. Әсіресе , 15 сәуір – ғашықтар күні қарсаңында.
Кез келген ару сүйіктісінен өзіне деген ыстық ықыласын әр түрлі жағдайда байқап, сезінгісі келеді. Сүйіктісін шын сүйген жігіт сүйген жанын қуанту үшін аспандағы ай мен күнді алып беруге де дайын болып тұрады. Кез келген қыз бала өзіне жігіттің түрлі романтикалық тосын сый жасағанын қалайды. Қыздар арасында жүргізілген «сіз сүйіктіңізден қандай сыйлық күтесіз?» атты сауалнамада арулардың көпшілігі бірінші кезекте сүйіктісінің ыстық ықыласы мен бір шоқ гүлді атаған. Сонымен қатар, нәзік жандылар хош иісті әтірлер, жұмсақ ойыншықтар, өздерінің қолдан салынған бейнелерін сыйлық ретінде алғанды ұнататынын айтқан. Ал кейбір сұлулар үшін «жүрегін жаулаған» адамның пәк көңілі мен ыстық ықыласы қымбат. Арнайы дайындалған сыйдың тосыннан болғаны да жақсы. Күтпеген жерден сыйланған сыйлық немесе әдемі айтылған сөздер адам жанын мол қуанышқа кенелтеді.
Ежелден елдің көркі саналатын «қырдың қызғалдақтары – қыздар» үшін сүйіктісінен алған гүлдің орны бөлек. Әрбір сыйланған гүл аруды нәзіктікке бөлейді, сенімділігін арттырады. Көркіне көрік қосады. Кейінгі сыйлықтар әр сұлудың талғамына қарай сыйланғаны абзал. Күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, сүйіктіңізбен көктем кезіндегі құлпырған бақтарда серуендеу бір сергітіп тастайды. Адамдардың бір-біріне ең қымбат, баға жетпес сыйлығы – уақыт. Бір жанды бақытты бөлеп, өзің де бақытқа бөленген сәттер адамның жүрегінде мәңгілік қалып қояды.
Жоғарыда біз біршама сыйлықты санамалап атап жатырмыз. Сыйлықтың бәрі жақсы. Бірақ сыйлықтың шын көңіл, ыстық ықыласпен берілгені өте маңызды. Шын көңілден жасалған сыйлықтың көлемі мен бағасына ешкім қарап жатпайды.
"Аруларға жігіттерден қандай сыйлық керек?" дегенге ақын Күләш Ахметованың мына өлеңі жауап бола алады:
Не сыйлайын дейсің сен ойға қалып,
Қуантқың келетіні айдан анық.
Тілегімді айтуға асығамын
Ақ көңіл сұрағыңды пайдаланып.
Керегі жоқ жауһар мен жақұтың да,
Жалғыз жауһар бар менің бақытым ба?
Керек емес алтының, күмісің де
Жалғыздықтан қорықсам түн ішінде.
Бірі менің жұбатпас жүрегімді,
Бірі менің тыңдамас тілегімді,
Бірі менің толтырмас көңілімді,
Бірі менің ұзартпас өмірімді.
Жалғыз болса адамның өңі мұңды,
Кім тыңдайды назыңды, өр үніңді.
Өзім алам затты да, киімді де,
Өмір болса, толтырып үйімді де.
Керек болса байлықты жинап алам,
Ұсақ талап қоймайды сүйген адам,
Айнымас махаббатыңды сыйла маған.
Сүйіктіңе арналған сыйлықтардың ең басында тұратыны – махаббат. Тұрақты, сенімді, адал, пәк махаббат. Әр күн сайын сүйіктіңнің көңілін аулап, кеудесін қуаныш пен күлкіге, жанары мен жүрегін бақытқа толтырсаң, әр күнің мереке болып өтеді. Сен сыйлаған қуанышқа жауап ретінде сенің өзің де шаттыққа бөленесің.
Ұқсас жазба:
Сүйіктімізді қалай қуантамыз? (қыздарға)
Сурет: vk.com