- Негізгі бет
- 15 сәуір 2015
- Қарым-қатынастың ұзаққа созылғанын...
Қарым-қатынастың ұзаққа созылғанын қаласаңыз
Бүгін біз Махаббат күніне орай қарым-қатынасты ұзақ әрі ғұмырлы ету үшін не істеу керектігін айтамыз. Егер тарыдай ғана сезімнің иелері мына 10 түрлі кеңеске құлақ асса, таудай махаббатқа жетеді.
100% махаббат (Бұл - бірінші!)
Нағыз баянды әрі мәнді қарым-қатынас махаббатқа құралады. Қарым-қатынастың іргетасы да – махаббат. «Махаббатсыз өмір бос, хайуанға оны қосыңдар» дейді дана Абай. Махаббаттан нәр алған қарым-қатынас табиғилығын сақтап қалады. Махаббат жоқ жерде қарым-қатынас басқа мақсаттарға жұмыс істей бастайды. Қарым-қатынастың ғұмыры ұзақ болсын десек, жүректегі махаббат гүлін солдырмау керек.
Мінез үйлесімі (Мінсіз мінез емес, үйлесімді мінез маңызды!)
Махаббатпен құралған қарым-қатынас үшін алғашында мінез үйлесімі маңызды болмайды. Бастысы – сезім. Сезім шамы алаулап жанып тұрса болды. Алайда көп уақыт өтпей сол алаулаған сезім отын бір нәрсе келіп өшіретін күшке ие болады. Ол – екеуінің мінездерінің үйлеспеуі. Қыз бен жігіттің мінез-құлқы қарым-қатынастың ұзаққа бару-бармауын шешеді. Махаббатта екі тараптың мінездері «-» пен «+» болып, үнемі үйлесіп тұрғаны дұрыс. Мінез үйлеспеген уақытта қарым-қатынастың махаббаттан ғана құралып тұрған нәзік жібі үзіледі де қалады. Мінез үйлеспесе, оған махаббат та жәрдемші бола алмайды. Сондықтан өзгерткіңіз келмесе де, қыңыр мінезіңізді махаббатыңыздың ғұмырлы болуы үшін құрбан етіңіз.
Бірге уақыт өткізу (Күні бойы бірге болу деген сөз емес!)
Қарым-қатынастың ұзаққа созылуы үшін қос ғашықтың бірге көбірек уақыт өткізуінің маңызы зор. Олар бірге уақыт өткізген сайын бірін-бірі танып, біріне-бірі бауыр баса бастайды. Өздерінің ішкі сырларымен бөлісіп, біріне-бірі шын серік болады. Бірге серуендеу, бірге киноға бару, бірге тамақтану арқылы екеуі де бірінің жан дүниесіне бірі үйрене бастайды. Әрі сүйгенімен көп кездескен сайын ғашық адам өзіне энергия, күш-жігер алады.
Ортақ мақсат (Тау қопарудың қажеті жоқ!)
Қос ғашықта өмірге деген, жалпы болашаққа деген ортақ мақсаттың болуы да ұзақ әрі мәңгілік қарым-қатынас үшін маңызды. Екеуі бірге армандап, бірге жоспарлар құрып жүрсе, өздерін мақсаттарына бір қадам жақын жүргендей сезінеді. Болашаққа жоспарлаған мақсаттарға талпыну арқылы өздері де ұзақ қарым-қатынасқа ие бола алады.
Сыйластық ("Сіз" деп сөйлегеннің өзі жібітеді)
Жігітті ер ретінде, қызды әйел баласы ретінде сыйлаған екі ғашықтың жұбы мәнді болады. Арада сыйластық болмаса, махаббаттың сәні болмайды. Сыйластық болмай қарым-қатынасты ұзартуға болады. Бірақ бұл тұзы жоқ тағам секілді дәмсіз болады.
Түсіністік (100% түсінудің кесірі де бар!)
Түсіністік те сыйластық секілді махаббаттың дәмін, әрін кіргізетін қасиет. Қос ғашық бірін-бірі түсініп, біріне-бірі демеу болса ғана мәңгілік махаббаттың иесі болады.
Сыйлықтар (Сыйлық кімге ұнамайды?)
Жігіт пен қыздың арасындағы тағы бір маңызды нәрсе – сыйлық сыйлау. Басты сыйлық – жүректеріңіз. Мұнан өзге де сыйлықтар ұсынып тұру керек. Сыйлықтың құны маңызды рөл ойнамайды. Мұнымызбен қымбат сыйлықтарды меңзеп тұрғанымыз жоқ. Әркім қалтасына қарап, санасына қарап, жағдайына қарап көсіледі. Әйтеуір, шын ниетпен сыйлаңыз.
Сенім (Өтірікке сене салу деген сөз емес!)
Сенім болмай да махаббаттан дәрмен кетеді. Бір-бірінің сезіміне сенген жандардың қарым-қатынасының қабырғасы берік болмақ. Сенім бар жерде сезімнің бетіне сызат түспейді. Сезімнің бетіне сызат түспесе, қарым-қатынас та сүттей аппақ болады.
Кешірім (Қанша қиын болса да...)
Кез келген жағдайда қос ғашықтың екеуі де бірінші болып кешірім сұрауға асығуы керек. Сонда ұрыс-керіс аз болады, немесе мүлде болмайды. Әрі ұзақ уақыт ренжіп жүрмеуге тура келеді. Ал реніш ұзаққа созылған сайын, қарым-қатынастың арасы алыстай береді.
Ортақ хобби (Салауатты өмір салтына қайшы келмесе...)
Қыз бен жігіттің қарым-қатынасын нығайту үшін ортақ хоббидің болғаны да пайдалы. Екеуі бірге спортпен айналысса, жаңа тіл меңгерсе, бірігіп жаңалық ашса, жарысып кітап оқыса, бірге сүйікті спорт командаларына жанкүйерлік етсе, тамаша емес пе?
Махаббатпен қартайыңыздар, құрметті ғашықтар!
Сурет: Юлия Королёва
Ұқсас жазба:
Жақсы қарым-қатынас орнатудың 21 ережесі
А. Әбілхан