Бүгін Массагет порталы ұйымдастырған ән мәтіндеріне арналған байқаудың жеңімпаздары жарияланған болатын. Байқау қорытындысы бойынша Нұртас Тұрғанбектің өлеңі үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Алдын ала хабарлағанымыздай, жеңімпаз өлеңге әнші Әлібек Әлмәдиев пен «Алдаспан» тобының мүшесі Шамшаддин Омаров ән жазып, орындайды. Әнге алдағы уақытта арнайы бейнебаян түсіріледі. Жеңімпаз ақынның сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Нұртас, жүлдең құтты болсын!
- Рахмет. Негізі күтпеген едім, не қуанатынымды, не қобалжитынымды ұқпай отырмын.
- Бұл байқау туралы қайдан естідің?
- Жалпы қазір ғаламтордың арқасында барлық ақпарат қолжетімді болды ғой. Массагет порталын жақсы білемін. Тұрақты түрде оқып отырамын. Өзім Қазақстан ұлттық арнасының «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасында жұмыс жасайтын болғындықтан, барлық ақпараттан хабардар болып отырамын.
- Сен туралы бүгінгі өлең сүйер қауым жақсы біледі. Поэзияда өзіндік жолын қалыптастырып келе жатқан жас ақындардың бірісің. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларда жиі бағың жанып жүр. Әнге де сөз жазушы ма едің?
- Солай сияқты (күліп). Өзім де сенбей жүрмін, әнге мүлде сөз жазбаймын деп ойлаушы едім. «Ер бармаймын деген жеріне үш барар, ат баспаймын деген жерін үш басар» деген мақалдың кебін киіп қалдық қой.
- Қандай әндерге сөз жаздың?
- Азын-аулақ әнге сөз жаздым. Мысалы, Қанат Үмбетовтің «Мазаламайын», «Жүрегім, жүрегім», Жігіттер квартетінің «Қазағым, алға», Мырзабек Қасымбековтің «Жан арманым», т.б..
- Әрине әнге сөз жазудың өзіндік азабы бар. Алайда көп ақындар бұған жеңіл қарайды. Поэзиямен салыстырғанда салмағы төмен деп ойласа керек. Әнге сөз жазып жүріп өлеңіңді өлтіріп аламын деп қорықпайсың ба?
- Басында қорқыныш болған. Дегенмен әнге сөз жазуды қалай бөліп қараймыз? Ол да өлең ғой. Тек еркін отырып өлең жазғаннан, әнге сөз жазу белгілі бір қалыпқа шектелу болып саналады. Мысалы, өз сезіміңді музыкаға қарай буын санына сидырасың. Бұл қалыпқа жанын салғысы келмегендер халтураға ұрынып жатады.
- Бүгінде ерінбегеннің бәрі ән сөздерін сынайды. Әсіресе әдеби ортада жүрген ағаларымыз өлең сөзінің салмағы түсіп кетті деп жиі айтады. Бұл олқылықты қалай жөндесек болады?
- Әдеби ортада жүріп реніш білдірген жандардың өзі неге соны түземейді? Адамға ақыл айту мен мін іздеу өте жеңіл, ал соны ауызбен айта бергенше бір уақыт сол олқылықты жөндеуге тырыспай ма деген ой туады. Қазір халыққа әсер етушілер – әншілер. Сол себепті бірінші кезекте әнді шығарушы композитор, екінші кезекте әншінің өзі білімді болуы керек. Білім деген ол диплом емес, ол сөз құдіреті. Сөз құдіреті дегеніміз ол – әдебиет. Ал, әдебиет - ардың ісі. Осыны жетік білгенде ғана сөз түзеледі. Сөз түзелген күні халық түзеледі. Ел содан кейін барып қана селкілдеген, мағынасыз әндерден қашатын болады. Қазіргі қоғамда жеңіл дүниелер өтімді болып тұр ғой. Бүгінгі жастар мән-мағынасы жоқ даңғаза музыкаға құмар. Қайтесің енді?! Саннан гөрі сапаға көшетін кез де келер.
- Бүгінгі қоғам жеңіл дүниеге қанша әуес десек те, пәкизат өнерге обал емес пе? Өлеңнің көркемдігін қайда қоямыз?
- Өнерге обал әрине. Сол себепті де адуынды ақындарымыз бір уақыт осы әннің сөздеріне де ден қойып, өздері түзете білсе бірте-бірте сын да азаятын еді. Одан кейін әншілерге жеңіл сөз керек еді, тойға, ойға, қойға дегенді ұмыттыру керек. Неге Нұрғиса мен Шәмшінің әндері өміршең? Себебі олар ақынын іздеп, соны таба білді. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді, жүрекке жеткен дүние жүрекпен бірге тоқтамаса, өшуі қиын.
- Сұхбатыңа рахмет!
- Сіздерге үлкен рахмет. Осындай орны ойсырап тұрған бір өнердің дамуы үшін сұрыптау жасағандарыңызға. Алда шығармашылық табыстар тілеймін.
Сурет: жеке мұрағат