Қыздар, бүгін біз біріге отырып келе жатқан ғашықтар күнінде ер азаматтарымызды қандай сыйлықпен қуантудың мәселесін шешейік. Сонымен, қыздар жігттерге мереке қарсаңында не сыйласа жарасымды екен?
Егер жігітіңізге өзінің хоббиіне не басқа да сүйікті ісіне байланысты сыйлықтар тарту естеңіз, оның көңілін шығасыз. Тек бұл үшін де бірнеше талаптарды ескеру керек: Алдымен алар затыңыздың жігітіңізде бар-жоқтығын анықтап алыңыз. Егер оған тосын сый жасағыңыз келсе, қандай затты алғысы келіп жүргенін басқа жолмен біліп алыңыз. Ал егер тосын сый жасауды міндетті санамасаңыз, не керек екенін тура сұраңыз. Бұлай біліп алудың пайдасы көп. Ертең сіз алған зат оған ұнамай қалса, немесе оның өзінде бар дүниені алсаңыз, болмаса сапасызын таңдап әкелсеңіз де қызық болмай қалады.
Егер жігітіңіз аңға шыққанды ұнатса, аңшылыққа арналған арнайы дүкенге қарай ұшыңыз. Балық аулау, құс ату, аңдарды суретке түсірумен айналысатындар үшін арнайы дүкендерде әр-түрлі бағада тауарлар бар.
Егер жігітіңіз музыканы жақсы көрсе, оның сүйетін музыка жанрына сай музыкалық аспап әперіңіз. Егер ол қымбатқа түссе, сүйікті әндерінің жинағын немесе сол әндердің мәтіні жазылған кітапша немесе диск сыйлаңыз. Болмаса сүйікті әншілерінің суреттерін жинақтап бір картина жасап сыйлаңыз.
Егер жігітіңіз спортқа жақын болса, спорттық киімдер сыйлаңыз. Спорттық киімдерді таңдарда да арзанқол дүниеге жоламауға тырысыңыз. Өйткені жігітіңіз уақытын көп бөлігін спортпен айналысуға жібертін болса, сіз сыйлаған киім оның үстінде сәл жүргеннен-ақ тозып кетпесін. Сондықтан, спорттық тауарды таңдағанда сапасына аса мән беріңіз.
Егер жігітіңіз табиғатты, пейзажды сүйсе, оған әсем табиғат көріністері бейнеленген картина сыйлаңыз. Болмаса оған тамаша табиғаттың тірі көрінісін сыйлаңыз. Яғни, екеуіңіз бірге бұрын барып көрмеген табиғи орында велосипед теуіп қыдырыңыздар. Арасында суретке түсіп, табиғи өнімдер жеп жақсылап көңіл көтеріңіздер.
Егер ол спорттық ойындар көргенді ұнатса, оған сүйікті командасының ойынына билет алып беріңіз. Тек бір билет қана сыйлап, қателік жіберіп алмаңыз. Оған ұнайтын ойын сізге ұнамаса да, осы күні оған сол ойынға уақытыңызды сыйлауға келісім беріңіз де, өзіңізге де билет алыңыз. Сонымен қатар, жігітіңізбен қосылып шын ниетпен оның сүйікті тобына жанкүйерлік етуге тырысыңыз.
Егер ол кітапты сүйіп оқитын және шығармашылыққа жақын адам болса, өзі сүйіп оқитын жанрындағы соңғы шыққан кітап сериаларынан сыйлаңыз.
Егер ол қолдан жасалған бұйымдарды жоғары бағаласа, өзіңіздің шеберлігіңізді көрсететін сәт туып тұр. Оған кілтке тағатын бұйым, шұлық, телефон салатын қап, қағаздар сақтайтын сөмке, көзәйнек салатын кішігірім қап жасап беріңіз.
Егер ерекше тағамдарға қызығатын болса, әр ұлттың асханасын зертеп, жігітіңізге «ұнайды-ау» деген үш-төрт түрлі дәмнен әзірлеп беріңіз.
Егер жолда көп жүретін болса, киім салатын чемодан, галстуктерін сақтайтын қорап, жеке гигиеналық заттарға арналған сөмке, жолға арналған ыдыстар сыйлауға болады.
Егер түрлі ұлттық бұйымдарды жақсы көрсе, қамшы, семсер, қылыш, бәкі, домбыра секілді ұлттық бояуы бар дүниелерді сыйлаңыз.
Осы заттармен қоса, оған сезімге толы жүрегіңізді де мәңгіге сыйлауды ұмытпаңыз! Сыйлықтардың ең баяндысы – сол...
Сурет: amur.kz