15 сәуір – Ғашықтар мерекесіне орай әлемдік кинематографиядағы романтикалық фильмдер топтамасын ұсынамыз.
1. Ромео мен Джульетта
Түсіріліп біткен уақыты: 2013 жыл
Әлемдік премьерасы: 2013 жылдың 30 мамыры
Түсірген елдер: Ұлыбритания, Италия, Швейцария
Түсірген студиялар: Amber Entertainment, Indiana Production Company, Swarovski Entertainment
Уильям Шекспирдің трагедиясының экранизациясы. Режиссері – Карло Карлей.
Оқиға ортағасырлық Веронада өрбиді. Жау болып есептелетін Монтекки мен Капулетти отбасыларынан шыққан Джульетта мен Ромео бір-біріне бала кезден ғашық болады. Алайда отбасылары олардың бірге болуына қарсы болады.
2. Ұлы Гэтсби
Түсіріліп біткен уақыты: 2013 жыл
Әлемдік премьерасы: 2013 жылдың 10 мамыры
Атақты жазушы Френсис Скотт Фицджеральдтың романының экранизациясы.
Оқиға желісі жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында АҚШ-та өрбиді. Ник Каррауэй есімді азамат елдің батысынан Нью-Йоркке көшіп келіп, Джей Гэтсби есімді миллионермен көрші болады. Уақыт өте келе Ник Гэтсбидің құпия махаббаты туралы біледі.
3. Болашақтан келген жігіт
Түсіріліп біткен уақыты: 2013 жыл
Әлемдік премьерасы: 2013 жылдың 27 маусымы
Фильм режиссері – Ричард Кертис.
Фильмде Тим Лейк есімді жігіттің өмірі баяндалады. Жаңа жылдың қарсаңында Тим отбасы мүшелерінің уақытты кері жылжыта алатын қасиеті бар екенін біледі. Тіпті, бұл өнер өзіне де дарығаны белгілі болады. Ақыры Тим Лейк бұл құпия өнерін арманындағы аруды іздеп табу үшін пайдаланбақ болады.
4. Джейн Эйр
Түсіріліп біткен уақыты: 2011 жыл
Әлемдік премьерасы: 2011 жылдың 1 наурызы
Атақты британиялық жазушы Шарлотта Бронтеның романының экранизациясы.
Жетімдер үйінен шыққан Джейн Эйр есімді қыз Торнфилд жер иелігіне күтуші болып жұмыс істеуге аттанады. Кейін жас қыз сол жердің иесіне ғашық болады.
5. Бенджамин Баттонның сырлы өмірі
Түсіріліп біткен уақыты: 2008 жыл
Ел: АҚШ
Түсірген студиялар: Paramount , Warner Bros.
Жазушы Френсис Скотт Фицджеральдтың романының экранизациясы. Фильм режиссері – Дэвид Финчер.
Фильмде кері қарай өмір сүрген Бенджамин Баттон туралы баяндалады. Ол қарт болып туылып, өмірден сәби кейпінде өтеді. Оқиға желісі оның ғашығы екеуінің айналасында өрбиді. Бір қызығы, уақыт өткен сайын Бенджамин жасара береді де, сүйіктісі қартаяды.
сурет: ytimg.com