Махаббат – мәңгі өлмейтін, адамның жанын жадыратып, оған қанат бітіретін ең сұлу сезім. Кейбіреулер оны «тәтті мұң» деп жатады, ол да дұрыс шығар. Десек те, махаббатқа ұқсас, адам жанын алдандырар тағы бір сезім бар. Оның аты – құмарлық.
Адам жаны қашан да сұлулыққа ұмтылғыш. Құмарлық дәл осы сұлулыққа қызығудан туады. Мәселен, бір жігіттің ажарлы әйелге қызығуы я болмаса «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, бір арудың ел аузындағы жігітке деген іңкәрлігі. Құмарлық – бүкіл тіршілік иесіне тән қасиет, яғни адамзатқа да құмарлықтың тән болуы табиғи құбылыс. Алайда бұл сезімнің көптеген қателік пен өкініштерге апаруы мүмкін екені де ақиқат. Оған негізгі себеп – құмарлықтың өткіншілігі. «Тез тұтанып, тез өшетін» сезім. Тез тұтану дегеннен құмарлықтың тағы бір «қасиеті» өздігінен шыға келеді. Яғни аталған сезім туу үшін көп уақыт қажет емес. Бұл сезімнің қандай екендігі туралы Шәкәрім атамыз да өз өлеңінде айтып өтеді:
Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рақымы жоқ тым ит бар, – дейді ол.
Демокрит: "өз құмарлықтарын жеңе білетіндер де жауын жеңгендер секілді ержүректер қатарына жатады", - дейді. Шын мәнінде, құмарлық – нәпсінің еншісіндегі дүние. Ал нәпсіні өз уысында ұстап отыру, нәпсіні өзіне бағындыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал нағыз махаббат – екінші бір адамды кемшіліктеріне қарамай сүю, адал көңілмен шынайы жақсы көру. «Ақиқатында махаббат – адамгершілік, адал жүрек, нәзік сезім, сыйласу, сүю мен қадір-қасиет екен» (Л. Толстой). Махаббат адамның жүрегінде бүр жарып, бүкіл жан-дүниесінде өмір сүреді. Сүйген адам, шын сүйген адам махаббатты аялап, өмір бойы өлтіріп алмауға тырысады. Жүрегінің түкпір-түкпірінде, миының әрбір қатпарында сол ұлы сезімді сақтайды.
... Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме,-
демеуші ме еді Мұхтар Шаханов та. Махаббатты мәңгілік сақтау – ол екі ғашық жанның ғана қолында. Сезімді сол аяулы күйінде сақтап қалуға сол ғашық жандардың адамшылығы, кісілігі, тәрбиесінің арқасында ғана жетуге болады. Яғни, махаббат – ең алдымен, адамгершілік сезім. Ал нағыз махаббат өз кезегінде мәуелі жеміс береді: өнегелі де иманды ұрпақты дүниеге әкеледі.
Қай дәуірде болсын, құмарлық пен ғашықтық арасындағы шырғалаң нақты шешімін тапқан емес. Себебі бұл – абстракты дүниелер: нақты өлшемі, көлемі, түрі-түсі жоқ, бұларды тек сезіну керек. Әрине сезімге келгенде әр адамның өз түйсігі болары тағы рас. Дей тұрғанмен, осы мәселеде хакім Абайдың мына өлеңін негізге алсақ, дұрысырақ болады деп түйдік:
Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Сурет: randrs.ru