Лян Шаньбо мен Чжу Интайдың махаббаты туралы аңыз қытай халқының ең танымал төрт аңызының бірі, қытай мәдениетінің алтын қазынасы болып табылады. Лян Шаньбо мен Чжу Интайдың оқиғасы ұрпақтан ұрпаққа тарап, теңдесі жоқ махаббаттың айқын үлгісі болып отыр. Лян Шаньбо мен Чжу Интай – қытайлық Ромео мен Джульетта. Бұл атпен қытайлық көптеген фильм, ән, пьеса, сериал түсірілген.
Есте жоқ ерте заманда Чжу тегімен алып адам өмір сүріпті, аты – Юаньвай екен. Оның Чжу Интай атты қызы көркіне көз сүрінген сұлу ғана емес, мейірімді, ақылды, білімқұмар еді. Ертеде қыздар мектепке бармайтын, ал Чжу Интай болса, күн сайын оқушылардың мектепке кетіп бара жатқандарын терезеден көріп: "Қыздар үйде отырып, тек қана кесте тігуді үйрену керек пе? Мен неге мектепке бара алмаймын?", - деп ойлайды екен.
Күндердің бір күні таңертең Чжу Интай қызметкерімен бірге еркекше киініп, ата-анасымен қоштасып, Ханчжоуға аттанып кетті. Алғашқы күні Чжу Интай мектептен мінезі көркем әрі сабақты үздік оқитын Лян Шаньбоны жолықтырды. Сосын: "Егер мен осындай жақсы ұлдармен бірге оқысам, көп нәрсе үйренер едім, оқудың өзі көңілді, жанға жағымды болып өтер еді", - деп ойлады. Лян Шаньбо да қызды ұнатып, бір-біріне мінездері ұқсайтынын байқады, алғаш көргеннен-ақ екеуі ескі таныстардай шүйіркелесіп сөйлесіп кетті. Тек алдында жігіт емес, қыз тұрғанын ол білмейтін еді. Олар өлең мен әдебиет туралы сөйлесті, екеуінің көзқарастары, қызығушылықтары, сезімі сәйкес келіп жататын. Олар бір-біріне көмектесіп, бір-біріне қамқор болды, уақытты бірге өткізіп, соңында ажырамас досқа айналды.
Уақыт зымырап, арада үш жыл өтті. Сабақ аяқталып, кітаптарын жинап, мұғалімдермен қоштасып, ауылдарына кететін уақыт та таяп қалды. Чжу Интай бұл кезде Лян Шаньбоға шынымен ғашық еді. Лян да "оқудағы досын" қатты құрметтейтін, әлбетте Чжу Интайдың қыз екенін білген жоқ. Үйлеріне қайтып келгенде олар күні-түні бір-бірін ойлаумен болды. Бірнеше айдан соң, Лян Шаньбо өзінің қымбатты досын бір көруге аттанды. Чжу Интайдың сұлу қыз екенін білген кезде, ол әрі таңырқап, әрі қуанып кетті. Сол кезде жастар өздеріне нағыз махаббаттың келіп қонғанын түсінді.
Лян Шаньбо Чжу Интайға құда түсіп келсе де, келісім ала алмады, өйткені ол кедей, ал қыз бай отбасынан шыққан болатын. Оның үстіне Чжу Интайды Ма атты жас байға атастырып қойған еді. Лян Шаньбо қатты қайғырумен болды. Қайғыдан қан жұтқан ол төсек тартып, ауырып қалды да, артынан ауруынан айықпастан, көз жұмды. Ал ата-анасымен күресіп жүрген Чжу Интай сүйіктісі қаза тапқанын білгенде, өте сабырлы қалыпқа түсті. Ол қызыл түсті той көйлегін киіп, өзіне жіберілген той күймесіне қарсы жүрді. Күймедегі адамдардың көңіл-күйі өте керемет еді. Күйме Лян Шаньбо қабірінің жанынан өтті. Жігіттің жаны жай тапқан жерге жеткенде, күйме тоқтап қалды, өйткені кенет соғылған қатты жел оларды топыраққа көміп, қабір тастарын орнынан қозғалтқан болатын.
Сурет: magicwall.ru