- Негізгі бет
- 15 сәуір 2015
- 15 сәуір. Бәлішті...
15 сәуір. Бәлішті мерекеге сай безендіру
Бәліш жасау үшін екі қамыр дайындаймыз. Бірінші қамырды дайындау үшін ыдысқа жылы су құйып, 2 шай қасық ашытқы саламыз. Одан соң, жарты шай қасық тұз, 1 ас қасық қант және 2 ас қасық сары май салып, жақсылап араластырамыз. Сұйықтығымыздың үстіне қоюланғанша ұн салып отырамыз. Ыдыстың бетін жауып, жылы жерге көтерілгенше алып қоямыз.
Осы аралықта бәлішімізді безендіруге арналған қамыр дайындаймыз. Ол үшін ыдысқа жылы су құйып, жарты ас қасық тұз, қалауыңыз бойынша қант, дәм қабық (корица), ванилин саласыз. Бір жұмыртқа салып, жақсылап араластырамыз. Одан соң қоюланғанша ұн салып отырамыз. Дайын қамырды жылы жерге қоямыз.
Бәлішімізді дайындауға кірісеміз. Алдымен бірінші ашытылған қамырды аламыз.
Ашытылған қамырды оқтаумен илейміз.
Пешке салатын ыдысты алып, бетіне ұн себеміз.
Илеген ашытылған қамырды ыдысқа саламыз.
Қамырды пышақпен кесу арқылы жүрек пішініне келтіреміз.
Қамырдың бетіне таңқурай тосабын жағамыз. Үйіңізде бар тосапты қолдануыңызға болады.
Ашытқан қамырымыздың қалған бөлігін илеп, суретте көрсетілгендей кесіп аламыз. Содан соң, бәліштің устіне қойып шығамыз.
Суретте көрсетілгендей тор етіп жасаймыз. Және де ашытылған қамырдан ұзын әрі жалпақ етіп екі бөлік дайындаймыз.
Қамырдан дайындап қойған екі бөлікті бәліштің сыртына жабыстыра қойып шығамыз.
Бәлішті безендіруге арналған ашытқысыз дайындаған екінші қамырымызды аламыз. Оқтаумен илейміз.
Илеген қамырдың үстіне кесені қойып, дөңгелек етіп пышақпен кесіп аламыз.
Суретте көрсетілгендей дөңгелек қамырлар аламыз.
Дөңгелек қамырдың үстіне кесені қиғаш қойып, кесіп аламыз.
Жапырақ пішінді қамырлар аламыз. Қамырдың екі жақ шетіне пышақтың көмегімен сызықтар саламыз.
Келесі кезекте дөңгелек қамырды қолыңызға алыңыз.
Дөңгелек қамырды екіге бүктеп, қайырыңыз.
Суретте көрсетілгендей жасаңыз. Бізге бір гүл шығару үшін осындай қамыр пішінінің бесеуі қажет болады.
Содан соң бес дөңгелек қамырды жартылай бір бірінің үстіне қойып шығыңыз.
Және де бір дөңгелек қамырды орап алып, дайындаған бес дөңгелек қамырдың үстіне қоясыз.
Оралған бір дөңгелек қамырды қалған қамырлармен бірге орап шығасыз.
Дайын оралған қамырды екіге бөлесіз.
Суретте көрсетілгендей гүлдер аламыз.
Бәліштің үстіне жапырақтарды қойып шығасыз.
Келесі гүл жапырақтарын қойып шығасыз.
Содан соң дайындаған гүлді қойып шығасыз. Ыдысқа бір жұмыртқа салып, қалаған мөлшерде қантпен араластырып, бәлішке жағып шығасыз.
Бәлішті пешке 180 градуста 20-25 минутқа қоясыз.
Бәліш қызарып, піскен соң пештен шығарыңыз.
Бәлішіміз дайын. Сәттілік!
Сурет: massaget.kz
А. Жапатова