15 сәуір. Романтикалық кешкі ас

15 сәуір. Романтикалық кешкі ас
Күні мен түні алма-кезек ауысып, таласқан мына ала құйын заманда сезім, романтика деген ұғымдардан жиі алыстап кетіп жатамыз. Күйбең тіршіліктің қиындықтары мен күнкөріс мәселелері санамызды толықтай билеп алған. Шаршатты... Көңіл-күйіңізді түсірмеңіз. Ертең көгілдір көктеммен ілесе махаббат пен сұлулық мерекесі - "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" күні төрімізден орын алмақ. Бұл - сүйіктіңізге көңіл бөліп, ықыласыңызды білдіруге, оңаша қалуға, естен кетпес сыйлық жасауға таптырмас мүмкіндік. Иә, Баяныңызға немесе Қозыңызға мәңгі ұмтылмастай романтикалық дастархан жасап, қуантудан қалыс қалмаңыз.

Әрине, мұндай оқиға ерекше дайындық пен асқан жауапкершілікті талап етеді. Бәрі де әдемі әрі ойластырылған болуы керек. Өйткені, Махаббат сезімі ең жақсыға, ең тәттіге лайықты, оның үстіне мұның бәрі де сіздің жүрегіңіздің бойтұмары, жалғыз ғашығыңыз үшін емес пе?! Қысқасы, романтикалық кешкі ас екі тарап үшін естен кетпестей әсер қалдырып, махаббат алауын онан сайын маздата түсуі тиіс.

Уақыт. Ең алдымен ыңғайлы уақытты белгілеп алыңыз. Оның сіз нысанаға алған уақытта бос болатындығына көз жеткізіп алғаннан кейін ғана іске кірісіңіз. Сүйіктіңіздің сіздің жоспарыңыздан аздап болсын хабары болғандығы дұрыс. Және сізді өзгелердің мазаламауын да қадағалаған артықтық етпейді.

Екінші мәселе - сұлу кешті өткізуге лайықты орын таңдау. Қалаңыздағы әдемі мейрамханалардың біріне тапсырыс беріп, "дайын асқа тік қасық боламын" десеңіз, шаруаңыздың бірнеше есе жеңілдеп қалары анық. Немесе сол күні тауға демалуға барып, кешкісін сол жерде дастархан жаюға да болады, мерекені шатырда қарсы алу да романтикадан алыс емес. Бірақ, мерекені тыныш әрі жанға жайлы үйде атап өткенге не жетсін?! Ешбірі де үйдегідей әсерлі болмайды. 

Киім. "Адам көркі - шүберек" деп бұған дейін де талай айтып өттік. Кештің ойдағыдай өтуі киімге де байланысты. Жігіттерімізге мұндай кешке тым классикалық киінбеуге кеңес берер едік, қарапайым жейде де жетіп жатыр. Қыздарымызға да сол кеңес: Ұзын етекті, тым ашық-шашық, жылтырақты көйлектер тым артықтық етеді. Шалбар мен футболкалардан аулақ болыңыз, қарапайым әрі шағын, жарасымды көйлек кисеңіз, нұр үстіне нұр болар еді.

Безендіру. Романтикалық кешкі ас үшін: безендірілген бөлме, әдемі жайылған дастархан, әуезді әуен қажет (қалғандары өзіңіздің тапқырлығыңызға, қиялыңызға байланысты). Қызыл раушан гүлінің күлтелерін бөлме ішіне шашып қойыңыз да, есіктен дастарханға дейін әдемі шырақтарды жағыңыз (оларды тұтатқанда, жарықты сөндіруді ұмытпаңыз). Әуен жағымды әрі баяу болуы керек. 

Дастарханның түсін алқызыл немесе ақ етіп таңдауға кеңес береміз. Вазаға бір шоқ қызыл раушан гүлі немесе бір шоғыр ұсақ гүлдер жарайды (тым үлкен болғандығы артықтық етеді). Үстелдің үстіне сұлбасы биіктеу шырақты орналастырыңыз, неғұрлым биік болған сайын, жарығырақ болмақ. Майлықтарды көркем етіп қоюды мына жерден оқып білесіз.

"Романтикалық кешкі ас" тіркесіндегі басты сөз - екіншісі емес, алғашқысы екендігін қаперіңізде ұстаңыз. Яғни, анадан-мынаған дейін бықпыратып тағам әзірлей беру дұрыс емес. Ең негізгі ас - сүйіктіңіздің ең жақсы көретін тағамы дер едік (оның қандай екенін сіз жақсы білу керексіз). Бар күшіңізді сол тағамды даярлауға арнаңыз. Содан кейін өзіңіздің шамаңыз келетін салаттың бір-екі түрін жасауға тырысып бағып көріңіз. Нәзік жандылар қауымына балмұздақ және жеміс-жидектер сатып алуға болады. Ал серілерге ет тағамдары және өзіңіздің қолыңыздан шыққан тәтті бәліштер, торттар ұсынсаңыз "алғысын" аласыз. Ал егер тағам әзірлеуде қиындықтарыңыз болса, Аспаздық айдарының көмегіне жүгініп көріңіз.

Кеш барысында сырлы сезімге толы поэзиялық шығармаларды оқуға, алдын ала дайындаған сыйлығыңызды тапсырып, әдемі әуен ырғағымен билеуге болады. Ең бастысы, оны шын жақсы көретініңізді айтуды естен шығармаңыз! 

Суреттер:vk.com,mail.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева