- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2013
- 15 сәуір. Махаббаттың...
15 сәуір. Махаббаттың бастау көзі
15 сәуір - Ғашықтар күні қарсаңында әлемдегі ең асыл сезім - Махаббат туралы ой толғауды жалғастыра отырып, "Махаббаттың бастау көзі не?" деген сұраққа жауап іздейміз.
Бір бойжеткенге ғашық болған жігіт оған сөз салуға әрі оны қалайда қолына қондыруға бел буыпты.
Алғаш сөз салған жігітке қыз келісім бермейді. Шынында, қыздың мұндағы ойы жігіттің шын көңілмен сүйген-сүймегенін байқап, сабыр сақтағаны еді. Ал жігіт сол сәтте-ақ еңіреп қоя береді. Көзінен сорасы аққан жігіттен қатты түңілген бойжеткен:
- Неткен әлжуаз жан едің! Бойыңнан ер азаматқа тән қайсарлықтың нышаны да байқалмайды. Ендеше, саған қалай күйеуге шығамын? – дейді.
Іңкәрлік сезімі бойын билеген жігіт келесі жылы қызға екінші рет сөз салады. Бұл жолы жігіттің көз жасы тыйылған секілді. Бейнесі бойында қайраты бар кісіге ұқсайтын. Сақтық ойлаған бойжеткен бұл жолы да бас тартады. Кім ойлаған, әлгі жігіт тізерлеп, жүгіне қалып жалына бастайды. Қатты түңілген бойжеткен:
- Бұл өмірде махаббаттан қиын талай қиындықтардың алдыңнан шықпасына кім кепіл?! Ендеше, осы өміріңді тек жалынумен өткізбексің бе? Өз қадіріне жетпеген еркек менің қадірімді қалай білсін? – дейді.
Әлі де райынан қайтпаған жігіт тағы бір жылды өткізіп, қызға үшінші рет сөз салады. Болар-болмас сыпайылығын бойына жасырған жігіт осы жолы қайратына бір-ақ мініп, бар өнерін салады. Ең соңғы рет тағы сынап көреді. Бойжеткен бұл жолы да бас тартады. Сол-ақ екен жігіт қанжарын суырып алып, бір саусағын түбінен кесіп, өз қанын судай ағызады. Мұндағысы ерлігін әйгілегісі келгені шығар, сірә!
- Келісім бересің бе, жоқ па?! – дейді айқайлап.
Қыз енді біржола түңіледі. Содан әлгі жігітке:
- Ойыңа бірдеңе кірер деп үш жылымды сарп еттім. Сонда да өзіңе нағыз махаббаттың не екенін шын мәнінде түсіндіре алмадым. Өз жаныңды аяй білмеген сен мені қалай аялап, сүймексің?! – депті де, бұрылып кете барыпты.
Өзін сүйе білмеген кісі өзгені де сүйе білмейді. Махаббаттың бастау көзі өзін сүйе білуден басталатынын әлгі жігіт ақыры аңғарыпты.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек