- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2013
- 15 сәуір –...
15 сәуір – Махаббат күнінде жалғыз қалсаң... (Қыздарға)
15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні. Қол ұстасқан қос аққудың, жүректері лүпілдеген ғашықтардың күні... Жер бетіндегі ең ұлы сезім - махаббаттың мерейі үстем болатын күн!
Бірақ сіз бұл тамаша күнді қалай өткізеріңізді білмей отырсыз. Айналаңыздағылардың барлығы осы күнге құрған жоспараларын талқылып, дайындалып жатыр, ал сізге бұл мерекенің еш қатысы жоқ секілді. Еңсеңізді түсірмеңіз! Өзіңіздің Қозы Көрпешіңізді жолықтырмаған болсаңыз да, бізбен бірге бұл мерекені естен кетпестей, қызықты етіп өткізе алатыныңызға сенімдіміз!
Өзіңізге деген махаббат күні
Қарапайым күндерде сіз өзіңізге бір күніңізді арнап, спа-салонның бірнеше рәсіміне қатысып, ақ халатты уқалаушы қыздардың нәзік қолдары мен шоколадты маскаға малынуды аңсап, жан дүниеңізге тыныштық сыйлайтын әсем әуен тыңдап, барлық бас қатыратын мәселелерден бір сәт өзіңізді алыстатып, дем алуды ойлап жүрдіңіз бе? Сол сәттің кезегі келді. Неге дәл осы күні жаныңыз бен тәніңізге осы сыйды тарту етпеске?
Әрине мына заманда спа-салонға барып демалуды кім-кімнің де қалтасы көтере бермейді. Саспаңыз, өз үйіңізде осындай демалысты ұйымдастыруыңызға да болады. Ол үшін өз ваннаңызға хош иісті шырақтарды қойып, суды гүл жапырақтары мен тұзға толтырып, әсем әуенді қосып қойыңыз, сонымен қоса, өзіңізбен бірге дәмді шоколадтарды ала кіріңіз. Бәлкім осы күннен кейін әлемдегі ең жақсы жанға, яғни өзіңізге ғашық екеніңізді түсінерсіз!
Адамдарға деген махаббат күні
Білесіз бе, кейде сондай бір іс-әрекеттер болады, егер сіз оларды жасай қалсаңыз, жан дүниеңіз жасарып, мәңгі естен кетпес, ерекше бір бақытқа кенелесіз. Біреуге жақсылық жасап, көмек қолыңызды созсаңыз, көңіліңіз ерекше сезімге бөленіп, жүзіңізге күлкі ұялатады. Өкінішке орай, кез келген жан қайырымдылық жасауға ықыласты бола бермейді. Әйтсе де, осы күні жылына бір рет қана біреуге жақсылық жасасаңыз, әлемнің жарқырай түсуіне өз үлесіңізді қоса аласыз!
Көйлек аламын деп сақтап қойған ақшаңызды, мейлі ол мардымсыз болсын, қайырымдылыққа қисаңыз, біреудің өмірін сақтап қалуыңыз да мүмкін. Ол ақшаны ауруларға арналған қайырымдылық қорына немесе жетімдер үйіне аударыңыз. Осы күні балалар үйіне басыңызды сұғып, сәбилерді мейірім мен шапағатқа шомылдырып қайтсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.
Достарыңызға деген махаббат күні
Неге осы мерекеде сіз секілді жүрегінің егізін таппаған достарыңыздың басын қосып, отырыс жасамасқа? Әртүрлі жанрдағы фильмдерді көріп, қолдарыңызға бірнеше қорап қытырлақ картопты алып, түрлі қызықты ойындар өткізіп, әзілдер айтып, көңілді отырсаңыздар, бұл күні сіздерден қуанышты, сіздерден бақытты адамдар болмасы анық.
Шопингке деген махаббат күні
Көптен бері гардеробыңызды байытқыңыз келіп жүрген киімдерді немесе басқа да заттарды сатып алып, өзіңізге-өзіңіз сыйлық жасаңыз. Бұдан асқан бақыт бар ма екен?
Ең жақын құрбыңа деген махаббат күні
Қашанда сіздің жаныңыздан табылатын, жігітіңізбен ұрсып қалғанда да демеу болған, емтиханнан құлап қалғанда да, көмек қолын созған жан – құрбыңыз еді. Сіз қайғырсаңыз, сізбен бірге мұңаятын, қуансаңыз ортақтасып, сіздің жетістіктеріңізге сүйсініп, сізбен мақтанатын да сол ерекше жан. Көңіліңіздің көктемін жолықтыра алмай еңсеңіз түсіп, өмірден баз кешкен сәттеріңізде жұбататын, болашаққа деген нық сенімді себетін тағы да сол жан. Кейде ол сіз туралы жеке күнделігіңізден да артық білетін сияқты көрінеді. Мұнан кейін оны қалай жақсы көрмеске? Дәл осы күні оны кездесуге шақырыңыз, оның да сүйіктісі жоқ болса, әдемі гүл шоқтарын тарту етіңіз, оны тамақтануға апарыңыз. Тым болмаса бүгін. Бастысы қолда бар алтынның қадірін білуден кеш қалмасаңыз болғаны...
Қалаға деген махаббат күні
Сіз тұратын қаланың көктемде қалай құлпырып сала беретінін ұмытып та қалған боларсыз. Жұмыс пен үйдің немесе сабақ пен жатақхананың арасындағы бірқалыпты көріністен мезіңіз шықты. Ендеше, барынша әдемі киініңіз де, қолыңызға фотоаппарат алып, көктемгі қаланың таңғажайып көрінісін тамашалауға аттаныңыз.
Сұлулыққа деген махаббат күні
Таңертең ояна салысымен, бір сәт айнаға қараңызшы... Сымбатыңызға қандай өзгеріс енгізгіңіз келеді? Шашыңыздың үлгісін немесе түсін біршама өзгертіп, тырнақ боятуға, қас жұлдыртуға салондарға бас сұғыңыз. Көктеммен бірге сіздің де құлпырып жүргеніңіз артық болмайды.
Махаббат күніне арналған бес қағида.
- Көңіл-күйіңізді түсірмеңіз. Бүгін жаныңызды жылытатын жан болмаса, ақыр заман болды деген сөз емес. Бәлкім тағдыр сізге көктемгі тамаша тосын сыйды дайындап та қойған болар...
- Естен шығармаңыз, бүгін сіздің де мерекеңіз. Санаңызға бұл мерекенің маған қатысы жоқ деген пікірді қашап жазып қоюдан сақ болыңыз. Бәрі тек өзіңізге байланысты.
- Келешекке деген нық сенім. Мейлі, өзгелер жігітінің қиялындағы сыйлықты алғанын айтып немесе қай жерге қыдырғанын әңгіме қыла берсін. Сізде әлі олардан да керемет болады, бәлкім бүгін сіздің « бостандықтағы» соңғы мерекеңіз шығар...
- Сәтті жіберіп алмаңыз. Мұндай романтикалық күндер күнде бола бермейді, қалт жіберіп алмаңыз.
- Жалғыздығыңыздан ләззат алыңыз. Өзіңізге деген махаббатқа ант беріңіз. Мерекеде тек өзіңізге деген әдемі сөздер мен сыйлықтарды аямаңыз. Өйткені сіз шынында да, айнадан көріп тұрған ай сәулелі аруды жақсы көресіз емес пе?
Айтпақшы, дәл осы мерекеде өзіңізге көптен бері ұнап жүрген жанға сезіміңізді білдіру мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін Массагеттіктердің ұсынған дәстүрлі сыйлығын жіберсеңіз болғаны.
Қысқасы үйде қамалып отыруды доғарыңыз да, бар тәуіріңізді киіңіз, мерекелік, әдемі макияж жасаңыз да, серуенге шығыңыз. Кім білсін, сіздің қиялыңыздағы ақ боз атқа мінген ханзада бүгін жолығып қалар...
Махаббат күнінде жалғыз қалған жігіттерімізге арналған кеңесті мына жерден оқуға болады.
Суреттер: prodvizenie68.ru, donskih.ru, diary.ru, timeout.ru, galactika.info, moikompas.ru, edemvmeste.org, mail.ru,vk.com