- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2013
- 15 сәуір. Жігітке...
15 сәуір. Жігітке сөз айтудың амалдары
Алдыңғы мақалада қыздың жігітке сөз айтуы дұрыс па, жалпы түрлі ситуациялық амалдарды қарастырып, керек кезде айтқан дұрыс деп шешкен болатынбыз. Ал енді, сол сезімді қалай жеткізген дұрыс? Соны талқылап көрейік. Жалпы сөз салуда арнайы бір қағида жоқ. Ең бастысы мұнда – сөзіңіз бен мен ғашық жанарыңыздың шынайылығы. Әлбетте, мұндай сәтке аса дайындық қажет, әйтпегенде қобалжып, дірілдеп, аузыңа сөз түспей, тіпті жылап қалуыңыз да ғажап емес. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін бәрін ойластырып алған жөн. Және өзіңізге ыңғайлы әдісті қолданыңыз.
Әрине, ең оңайы - жігітке сол көкейкесті үш сөзді жай ғана айта салу. Бірақ қыздардың табиғаты сол, романтикалық жолды таңдауға әуес. Бұл сәттің естен кетпес, оригиналды болуы үшін біраз еңбектену керек. Осыған байланысты бірнеше кеңес:
- Бірінші кеңес. Әдемі ашық хат алып, ішіне жігітке айтқыңыз келетін бар сезіміңізді жазыңыз. Бұны міндетті түрде лирикалық ырғақпен жеткізген дұрыс. Егер қолыңыздан келмей жатса, ақынжанды достарыңыздың көмегіне жүгініңіз. Бірақ сүйіктіңіздің аты мен өз атыңызды жазуды ұмытпаңыз.
- Екінші кеңес. Бұл әдіс біріншіге қарағанда турашыл емес, бірақ іске асуы керек. Махаббат әндері жазылған диск сатып алыңыз, не өзіңіз жазыңыз да, жігітке: «Осы әндерді саған арнаймын» деген сөздермен сыйлаңыз.
- Үшінші кеңес. Поэзия мен лирикалық әуендерді суқаны сүймейтін жігіттер де болады. Мұндай кезде жігітті кешкі асқа шақырып, қазақша «ұйқыашар» сыйлаңыз. Яғни, өз қолыңыздан торт жасап, бетіне «Мен сені сүйемін» деп жазыңыз. Торт жасау қолыңыздан келмей бара жатса, тіпті жұмыртқа қуырып, кетчуппен жазсаңыз да болады. Жігіт түсінер деп сенеміз.
- Төртінші кеңес. Бұл әдісті жүріп жүрген сүйіктіңізге қолданған жөн. Өйткені жанасуды талап етеді. Жігітіңіздің арқасына, қолына, алақанына, бетіне саусағыңызбен сол ғажайып үш сөзді жазыңыз. Бірақ жігітке алдын ала ескертіп қойыңыз. Сонша қалың бет болмаса, не айтқыңыз келгенін түсінер.
- Бесінші кеңес. Бүгінде сүйген адамыңа ән жолдауға мүмкіндік беретін радиостанциялар көп. Жігітіңіз жиі тыңдайтын радиоға хабарласып, ди-джейге сіздің сөздеріңізді жеткізуіңізді, тапсырыспен ән қойып беруін сұраңыз.
Әрине, ең үздік әдісті бізге ешкім ұсына алмайды. Өйткені, әр адамның талғамы, болмысы, жеткізу әдісі әртүрлі. Ең бастысы бәрі шынайы, әдемі өткені жөн. Сол себепті қолайлы сәт таңдап, өзіңізді реттеп, ештеңеден қорықпау керек. Неге қорқасыз? Сезіміңіз жауапсыз болған жағдайда да тәжірибе жинақтайсыз. Ал жағымды жауап айтса, бақытты боласыз. Демек, қорқуға еш елеулі себеп жоқ.
Әлбетте, жігітке сөз айту деген оңай шаруа емес, қобалжу деген қалыпты. Тіпті мұны жасырып та қажеті жоқ. Өйткені бұл табиғи құбылыс және қыздың шынайылығын білдіреді. Ал екі бетіңіз қызып кетсе де, ұялмаңыз, бұл тек сізді көркейтіп тұрады. Мұндай кездесуге атмосфераға сәйкес киініп барған жөн – салтанатты, романтикалық, тартымды. Кездесуден кейін келіп, болған оқиғаны жақсылап саралау үшін бәрін кешкі уақытта ұйымдастырған дұрыс. Сөз айтып жатып, аспанға, не жерге қарап басты салбыратып тұрмаған жөн. Ең дұрысы жігіттің көзіне тіке қарап, оның бет-әлпетін бақылау. Бәлкім, басында бұл сөздеріңізден қайран қалар. Бұл қалыпты жағдай. Оған қыздар күнде келіп, сөз айтып жатпаған болар?! Ештеңе етпейді, біраз уақыттан кейін жігіт есін жиып, сөйлеу қабілеті іске қосылып, сіз күткен «Мен де сені сүйемінді» айтар. Және бұл сіздің батылдығыңызға үздік сый болмақ!
Суреттер: facebook.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina