15 сәуір – Ғашықтар күнін қалай өткіземін?

Бүгін жүректері лүпілдеп соққан, қос аққулардың, қос ғашықтардың мерекесі. Бірақ, сізде әлі күнге дейін жоспар жоқ! Мұныңыз қалай? Біз ұсынған кеңестерге бір көз жүгіртіңіз де, іске кірісіңіз.

"Күн шыққанда, күліп оян". Сүйіктіңіз көзін аша салысымен, бүгін сіздердің күндеріңіз екендігін сезінуі керек. Сіздің жүрегіңіздің үнін жеткізе алатын әдемі сөздер жазылған смс жолдаңыз немесе жастығының басына ортақ таныстарыңыз арқылы әдемі ашық хат пен бір шоқ раушан гүлін қойсаңыз болады.

"Сен маған сүюді үйреттің". Бүгін – сіздердің күндеріңіз. Бүгін барша ғашықтардың, Қозының інілері мен Баянның сіңлілерінің мерейлі күні. Сондықтан жылына бір рет келетін атаулы күнді ерекше етіп өткізіңіз. Саябақтарда серуендеп, кішігірім фотосессия жүргізіп көріңіздер. Бір-біріңізге дүниедегі ең әдемі, ең жылы сөздерді айтып, барынша еркелетуге тырысып бағыңыздар. 

"Бақыттымын өзіңмен". Сүйіктіңіз көпшілік ортаға қарағанда тыныш, оңаша ортаны ұнататын болса, бірге тауға, көкке шығуға болады. Бұл - таза ауа құшағында демалып, өткен-кеткенге есеп беріп, болашаққа жоспар құруға таптырмас мүмкіндік болмақ.

"Бағалайық бақытты". Мұз айдындарына, ролик тебуге, боулинг ойнауға, ипподромға баруға  қалай қарайсыз? Өміріңізде бір рет болсын порашюттен секіруге де болады немесе қайыққа, катамаранға мініп, су бетінде серуен құруға да кеңес берер едік.

Қалаңыздағы махаббатқа арналға ескерткіштерге барып көрудің де артықшылығы жоқ. Мәселен, алматылық тұрғындар Есентай жағалауындағы "Махаббат көпіріне" құлып қадауларына болады.

"Бір кездері бала едік". Балдай тәтті шақтарыңызды көз алдыңыздан өткізіп көруге тағы да бір мүмкіндік туып отыр. Перизатыңыздың қолынан ұстаңыз да, аттракциондар саябағына жол тартыңыз. Сіздерге бәрі де рұқсат етілген. Мейлі айқайлаңыз, күліңіз, жылаңыз... Бастысы  - ол сіздің жаныңызда!

Сондай-ақ дәл бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан "Махаббат сазы" қойылымын тамашалау мүмкіндігі бұйырып тұр.

Мерекелік кешкі асты қалай ұйымдастыру сіздің құзырыңызда болмақ. Қаладағы мейрамханалардың немесе кафелердің біріне алдын ала тапсырыс беруге болады немесе өзіңіз дайындаған романтикалық кешкі ас бүгінгі күннің шымылдығын жабатын болады.

Суреттер:vk.com,mail.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева