- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2013
- 15 сәуір. "Бізді...
15 сәуір. "Бізді таныстырған да, табыстырған да – поэзия"
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу” күніне орай ақын, журналист, заңгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты – Темірғали Көпбаев пен оның жары, филология ғылымдарының кандидаты Сәлима Қалқабаевадан сұхбат алуды жөн көрдік. Бүгінгінің Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы МАХАББАТ туралы қандай сыр шертеді екен? Ендеше ақын өмірінің махаббат хикаясына көз салайық...
Темірғали:
– Алматыға 1983 жылы келдім. КазГУ-дың есігін теуіп ашамын деген жастық бу бар. Бірақ оқуға түсе алмадым. Ауылға баруға намыс қысады. Бұдан кейін армияға кеттім. Əскерден кейін ауылда екі жылдай қызмет атқардым. Одан кейін Алматыға келсем де, ауылды, туған жерді танып-білмей кетіп қалғаныма өкінгенім бар еді. Облыстың деңгейінде кімдер барын білмей кетіппін. 1984 жылы ғана оқуға түстім. Сол кезде Жұматай Жақыпбаевпен танысқан едім. Сыртқы бөлімге ауысқан соң «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» деген газетте журналистік өмірді бастағанмын. Сол аралықта Жұматайдың қағанатына түстік. Бұл ортада нағыз талантты ақындар жиналған еді. Есжан Айнабеков, Қайрат Əбілбеков, Мұрат Оспанов, Қазыбек Иса, Светқали Нұржанов, Гүлнəр Салықбай, Нұрлан Əбдікерей секілді дарынды жастар болған. Солардың басын қосқан қағанатта мен де болдым.
Əдебиеттің не екенін түсіне бастаған шағымыз еді. Бірақ мен ауылға кеткім келді. «Ақынға орта керек, ауылға барсаң өспейсің» дегендер болды. Аманхан Əлім: «Сен ауылыңа барсаң бар, Алматыдағы көп ақыннан сен озып келуің мүмкін. Бірақ оқу керек» деді. Аудандық газеттің əдебиет бөлімін басқардым. Сəлима онда Қарағандының оқуын бітіріп келген. Шымкенттегі Аркадий Гайдар атындағы №25 мектепте сабақ беретін. Аудандық газетте істеп жүргенімде бір қыз келді. Өлеңдерін көрсетіп жатыр. Қарасам өлеңдері тəп-тəуір, өзі əдемі қыз. Ал ақынға шабыт керек, муза керек. Жақсы көресің. Бұл кісі біртіндеп музама айнала бастады. Ал кейін өлеңмен хат жазысатын болдық. Сосын Сəлима Алматыға аспирантураға түсіп кетті. Мен ауылда əлі жүрмін. Сағыныш, аңсау деген болады. Содан сағыныш өлеңдері тізгінді босатты. «Қоштасудан қашан да басталады, Көңілдердің бір-бірін іздемегі...», «Қасиетім жеткізер қанатымен, Саған деген мендегі сағынышты» деген жолдар осы кезде келді. Өлеңнің бəрі де сағыныштан басталады ғой. Ақсəли де хат жазады. Бұдан кейін жақсы көруім шын ғашықтыққа ұласты. Сол сағыныш мені Алматыға алып келді. Бұл 1990-шы жыл еді. Бұл да бір қызық оқиға. Бірде ақын-жазушылары бар, ғалымдары бар, əйтеуір вокзалдан қонақ етіп шығарып салып жүрсек, Сəлима да сонда екен. Алматыға кетіп бара жатқан сəті. Елді шығарып салып жүріп, өзім де Алматыға қалай кетіп қалғанымды білмей қалдым.
Сəлима:
– Кезінде «Путь Ильича», ал қазір «Төле би жолы» деп аталатын аудандық газет бар. Газеттің поэзия бөлімінде Ахметов деген үлкен бір кісі болды. Менің апарған өлеңдерімді ұнатып, ылғи да жариялап жүретін. Содан кейін тағы да бірде өлеңдерімді апарсам, үлкен кісі жоқ. Поэзия бөліміне жаңадан Темірғали келген екен. Міне, таныстығымыз осылай болды. Менің өлеңдерім Темірғалиға бірден ұнаған болуы керек, жиі баспасөз бетіне жариялап тұрды. Бірде көктемнің алғашқы мейрамы сегізінші наурызда поштама хат келіпті. Ішінде Темірғалидың өлең түрінде жазған құттықтауы бар екен. Бұдан кейін мен де хатпен өлең жазып жібердім. Бір қызығы, менің «Темірғалиға» деп жіберген арнайы хатымды редакция алқасы газетке беріп жіберіпті. Оны Темірғали білмейді. Сөйтіп поэзия арқылы көңіл қосқан едік. Кейін мен КазГУ-дың аспирантурасына оқуға түстім. Темірғали сол жерде журналистика факультетінде сырттай оқып жүрді. Сессия тапсыратын кезде Алматыға келетін. Сол кезде жерлес, таныс ретінде кездесіп, араласып жүрдік. Кеш таныстық қой негізі. Бірақ кейін, үйленгеннен кейін бала кезіміздегі баспасөз бетіне шыққан өлеңдерімізді қарап отырсақ, екеуміздің өлеңдеріміз бір бетте қатар шығып жүріпті. Біз ол кезде бір-бірімізді тіпті дұрыс танымаймыз да ғой.
Темірғали:
– Сонда біздің махаббатымыз, өміріміз, тұрмысымыз бəрі өлеңнен басталған екен. Бізді таныстырған да, табыстырған да – Поэзия. Ол кезде хат жазу дегеніміз де өзінше бір өнер еді. Ол – эпистолярлық прозаның бір көрінісі іспетті. Хаттан адамның сыртқы-ішкі мəдениеті көрінеді.
Сəлима:
– Қанша жас болсақ та, ешқашан махаббат, сезім туралы тақырыптарда əңгімелесіп көрмеппіз. Өлең, ақындық, көркемдік, эстетика жайындағы əңгімеміз жарасатын сияқты. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» ғой. Махаббат дегеніміз бір-біріңе қарау емес, екеуіңнің бір бағытқа қарауың. Бағытымыз əдебиет пен өнер болғандықтан ғана бақытты шығармыз.
Темірғали:
– Содан кейін, менің ең бірінші оқырманым да, ең бірінші сыншым да осы кісі. Мен енді төгіліп түскен жырымды бірден оқытамын ғой, жаңа ой туғанын көрсетемін. Шикізат болып тұрған дүниені көрген бойда, Ақсəли бірден көркемдік жағын айта бастайды.
Сəлима:
– Мен зерттеуші ретінде үлкен талап қоямын. Эстетика бірінші орында болуы керек деп ойлаймын. Мөлдіреп тұрған жырдың ішінде бір бөтен сөз болса, ол лезде көрінеді. Бұдан кейін осы сөз жайлы сұрай беремін. Бір байқағаным, Тимур менің айтқан өлеңнің кейбір жерлерін басқаша етіп өзгертіп қояды. Көркем шығарма өнердің түрі. Яғни сұлулық жағы бірінші орында тұруы керек.
Жазып алған: Ардақ Құлтай
А. Құлтай