15 сәуір. Ажырасу алдындағы жігіттің хаты

Бойдақ күндердегі махаббат қашан да бал-шырын. Сол күндерде ғұмыр бойы сүю, мәңгілік махаббат дегендерге әр ғашық айнымастай сенеді. Алайда үйленген соң, тұрмыс күйбеңі араласқан сезімнің бағдары басқа арнаға ауысып кетерін тұрмыс құрғандар ғана жақсы білсе керек. Оның жайын жас ғашықтар тіпті сезіне де алмас. Алайда махаббатты мәңгілік алақанда аялап ұстай алу ерлі-зайыптылардың әр екеуінің де борышы, міндеті. Бұл жайға сыңар жақтылы көзқараспен қарау - қасіретке апарып соғары даусыз. Мына бір ажырасу алдындағы азаматтың хаты жас ғашықтарға, ару қыздарымызға ой салады деген үміттемін. 

***

Үйленуден бұрын, менің көңілімнен терең орын алдың. Үнемі мені шығындатуға әуес едің. Біресе оны аламын, біресе мұны аламын деп қиғылық салсаң да, бәріне мақұл дер едім. Мен сенің мұндай сүйкімді «қиғылығыңнан» ғұмыр бойы бас тартпас едім. Алайда, үйленген соң, бәрі басқа арнаға ауысты. Қиялыңда ақша жинаудан басқа пиғыл жоқ. Жалақымды түгелдей тапсыруды талап еттің. Ер азаматтың қалтасының көк тиынсыз жүруі осынау заманда ешқандай абырой әпермейтінін сен білмейтін бе едің?!

...

Үйленуден бұрын, сүп-сүйкімді болып, тұлғаңа сай безенетін едің. Қашанда алдымнан сұлу болып шығатынсың. Ал үйленген соң ше?! Отбасында бейне жынды әйелдер секілді кейіпке ендің. Мені сұлулыққа құмартудан мақұрым еттің. Ал сыртқа шығатын болсаң ғана елден ерек безеніп аласың. Мен сонда ғана сенің бар сұлулығың маған арналмағандай азапты күй кештім.

...

Үйленуден бұрын ақылды қалпыңмен мені ерекше баурайтынсың. Ол кездегі сенің алдыңдағы сезімімді бейнелеуге қазір тілім жетпес еді. Ал үйленген соң ше?! Барлығын өзім басқарамын деп тұрып алдың. Әр істі өз бетіңмен, өз шешіміңмен атқарасың. Бір рет болсын, менің тілімді алып көрдің бе?! Сенің назарыңдағы еркек қайда кетті сонда?!

...

Үйленуден бұрын, мені ақылды, іскер деп мақтайтынсың. Қызметте, кәсібімде табысқа жетуіме шабыт беріп, қолдайтын ең. Ал үйленген соң, сен тек менің ақша табуымды ғана айтатын болдың. Басқасын мүлде қайырып қойдың. Мен үшін ақшаның маңызды емес екенін сен жақсы білетін едің ғой.

...

Үйленуден бұрын, өзіңе қатты сенетін ең. Өзге қыздардың алдында өзіңді асқақ, тәкәппар қалпыңда ұстайтынсың. Мен сол үшін де саған ынтық болатынмын. Ал үйленген соң ше?! Өзіңе деген сенімің қайда кетті? Үнемі мені өзге әйелдер тартып әкетердей алаңдадың. Бұрынғы қызғанышың күншілдікке айналып кетті. Тіпті, сырттай жасырын бақылайтынсың. Одан сен түгілі мен шаршадым. Барлық құпиямды ақтаратын болдың. Өзіме еркін кеңістік қалдырмадың.

...

Үйленуден бұрын, әр сөзім саған сондай мағыналы, тәтті сезілетін. Ол кезде өзімді жұрт көзіне кең пейіл көрінетін шығармын деп ойлаушы ем. Үнемі сырласатын едік. Ал үйленген соң, саған айтқан әрбір сырым, әрбір кеңесімнің соңғы ұрыспен аяқталып жатты. Кей сәттерде бұрынғыдай-ақ саған бар сырымды ақтарып, сырласқым келеді. Мені түсінуіңді, сыпайы мәміле жасауыңды қаладым. Алайда, тағы да ұрыс-керіс бастап алармын деп ауыз ашуға батылым жетпейді.

...

Өмірде кінәсіз ешкім болмайды. Үнемі осының бәрі өз кінәмнан болар деп ойлаймын. Сөйтем де, бұрынғы махаббаттасып жүрген қалпыма қайтқым келеді. Алайда өз кінәсін танып-біле алар адам шынымен-ақ аз екеніне көзім жетті. Мүмкін бар кінәмді сен білерсің, сен айтарсың. Мен өткен күндерімді қатты сағындым, сол күндерге қайтып барғым келеді. Кітап оқыған кезімде қасымда отырып жалықпай тыңдайтын сәттеріңді, саған сыбырлап, сыпайы әңгіме айтқан түндерімді, жаныма шуақ шашар мейірімді күлкіңді сағындым. Дегенмен, енді бәрі оралмасқа кетті...

Бақыт қашанда ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ. Ал сен бақытты боламын деп кетіп барасың! Бірақ, сен екінші біреуді бақытты ете алмай қаламын ба деп қорықпайсың ба?!  

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com