Көптен күткен ғашықтар мерекесі де келіп жетті. Қыз балалардың алдында «Кездесуге не киемін? Қалай боянамын? Шашымды не істеймін?» сынды сұрақтар тұр. Қыздар қауымы бұл мерекеде күндегіден ерекше әрі ханшайымнан да сұлу, өзіне барынша сенімді болуы тиіс. Кездесуге киетін киім ең алдымен қайда баратындығыңызбен байланысты таңдалғаны абзал. Яғни қыдырып баратын жеріңізге сәйкес киініңіз. Олай болса жігіттердің әдетте шақыратын нұсқаларын қарастырып киім таңдайық:
Мейрамханаға немесе асханаға не киеміз?
Мейрамханаға немесе асханаға барған кезде бір-біріңізге қарама-қарсы отыратындықтан сіздің аяқтарыңыз көрінбейді. Сол себепті қысқа белдемше, тым биік аяқ киім киюдің қажеті болмайды. Ең ұтымдысы – шалбар мен жейде немесе кешкі асқа арналған көйлек кию. Бар назарыңызды шаш үлгісі мен макияжға, маникюрге аударыңыз. Тамақ ішіп отырған кезде басты назар қолдарыңызда болады. Яғни әдемі маникюріңіз болуы керек. Үлгермей жатсаңыз мөлдір лакпен бояңыз. Шаш сәніңіз үстіңіздегі көйлекке сәйкес болуы тиіс. Тамақ ішіп отырған кезде кедергі болмас үшін шашыңыздың жинақы болғаны дұрыс.
Киноға немесе би кешіне не киеміз?
Кино мен би кешіне жастар көп баратындықтан, барлығы да назарда болады. Мұнымен қатар киім би билеуге ыңғайлы болуы керек. Аяқтарыңыз қысқа болса, шалбар мен жұқа матадан тігілген кеудеше киіңіз. Аяқ киіміңіз ерекше болсын.
Киноға барған кезде қатар отырасыздар, сондықтан киіміңіз көзге жағымды көрінетін жұмсақ матадан тігілгені жөн. Ол үшін суреттегідей жейдеше киюге болады. Бір орында ұзақ отыратындықтан, өзіңізге аздап кең тұратын шалбар киіңіз. Ал шашыңызды жіберіп қойғаныңыз дұрыс. Алдын ала хош иісті сусабынмен жуыңыз. Дәл осы жағдайда хош иістің маңызы зор.
Театрға не киеміз?
Бұл мәдени орта болғандықтан, классикалық үлгіде немесе көйлек киген дұрыс. Аяғыңызда биік өкшелі аяқ киім болғаны жөн. Ол жүрісіңізді өзгертіп, кербез болуға септігін тигізеді. Шашыңызды киіміңізге сәйкес жинап алсаңыз болады.
Кездесудегі ең бастысы макияж бен киім емес, сіздің көтеріңкі көңіл-күйіңіз бен сыңғырлаған күмістей күлкіңіз. Кездесуіңіз сәтті өтсін!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: tusst.com, Қарлыға Бүйенбай