- Негізгі бет
- 15 сәуір 2014
- Ғашықтар күні неге...
Ғашықтар күні неге 15 сәуірде тойланады?
15 сәуір – Ұлттық Ғашықтар күні. "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" мейрамы махаббат пен сүйіспеншілікке арналған.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шамамен 12-13 ғасырларда ғұмыр кешкен. Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Аң аулап жүріп құдаласқан бұл екеуі ұл-қыздарының кейінірек махаббат жолында түрлі қиыншылыққа ұрынатынына куә болады. Дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды.
Георгий Тверитиннің "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы жыр" кітабының мұқабасындағы Қозы Көрпеш - Баян Сұлудың суреті
Жырдағы Көрпештің Баянға арнап айтқан мына сөздерін оқыған кім-кімнің де жүрегі тебіренері хақ:
Дүниеде ғашық қатты екен,
Көңілді бұған бұрғызды.
Бере ме тәңірім, бермей ме
Ынтық болған бір қызды?
Қосылғанша мен оған
Ішіме қайғы толғызды...
Әлкей Марғұлан "Мәңгілік жыр" деп атаған бұл жыр қазақ халқының төбеге көтерер мақтанышы, қос жүректің ұраны іспетті.
Рухани құндылықтарды ғасырдан-ғасырға жалғастырып отыратын театрда Ғабит Мүсірепов жазған желімен "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" трагедиясы қойылады.
Ғабит Мүсірепов театрындағы "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымы
Аягөз қаласындағы "Қозы Көрпеш-Баян Сұлудың" ескерткіші
Суреті Аягөздің тасында тұр,
Қабірі екеуінің қасында тұр
Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеуді ұсынып, бастама көтерген Дархан Мыңбай атты Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ел ағасы. Мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні құтты болсын!
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: ayagos.pushkinlibrary.kz, aikyn.kz, жеке мұрағат
М. Оңғарова