Қыздың ғашықтық хаты
Екеуміз арман қуып, шалғайдағы батыстан Алматыға бірге келдік. Сен маған араға апта салмай, жиі келіп тұрдың. Жатақханадағылар екеуміздің көп кездесетінімізді көріп, сенің жігітім екеніңе күмәнданбайтын.
Олай емес еді. Тек көзтаныс, жерлес болудан аса алмадық...
Бір күні жатақханадағы құрбыма «Жігітім емес дедім ғой» деп ақталып жатқанымда: «Ендеше, неге ол саған келе береді?» деді.
Ойландым. Телефон шалмақ болдым. Саған.
Көтермедің. Көтермегенің қандай жақсы болған. Телефоныңды алып қалғанда, не айтушы едім?.. Өз-өзіме ренжіп, содан бері сен жайында «дос» дегеннен өзге бөтен ештеңе ойламауға тырыстым.
Төрт жыл өтті. Төрт жыл бойы ештеңе айтпасаң да, қиындық пен қуанышта жанымнан табылдың. Бір-бірімізге арқа сүйедік.
Мен оқу бітіріп, жұмысқа тұрдым. Сен де оқу бітіріп, қызметке кірістің.
Бұл күні жиі келуіңді доғардың. Өйткені мен жігітпен кездесе бастадым.
Мен шын сүйдім. Сені емес. Оны...
Бір күні «Пәтеріңнің жанына өтіп бара жатырмын, соға кетейін бе?» деп хабарластың. Кездестік. «Ол кім? Шынымен сүйесің бе?» деп жігітім жайында қазбалай бастадың. «Әрине!». Мен айғайлап жібердім. «Өмірімді сол жігітпен өткізгім келеді!».
- Сені жылатпай ма? Шыныңды айтшы.
- Жылатады, бірақ... Өзімнің де кінәм болады.
- Сені ешкім жылатпаса екен...
Күз еді. Бұрылып кетіп қалдың. Үзіліп түсіп жатқан әлсіз сары жапырақты қадай басып көз ұшымда қара нүктеге айналдың. Ол кезде сенің бұл сөздеріңді таразыға салып, түсіну үшін тым бақытты едім. Бәріне жеңіл, көңілді қарайтын, сүйгенімді тапқан бақытты жан едім.
Сол жылы көктемде туған күнім болды. Күні бойы туған күнімді тойлап, енді ұйықтай бергенде, телефон шырылдады. Сен екен. «Пәтеріңнің алдына келіп тұрмын, шықшы» дедің. Тәтті ұйқымды қимадым. «Үйде емеспін» дедім. Ояу жүрген құрбым терезе жапқышын білдіртпей ашып қарап: «Қолына бір шоқ гүл мен жүрек ұстап кетіп барады» деді...
Арада екі жыл өтті. Жігітім екеуміздің арамыздағы тәтті, бал махаббат саябырсыған. Ренжісу, түсініспеу, айғайласу...
Сондай кездері сені іздейтінді шығардым.
Бір күні таңертең бәріне қолымды бір-ақ сілтеп, басы бос қызға айналдым. Жігітімді тастадым. Дұрысы – ол мені тастады. Екеуміз бір-бірімізден шаршаған едік.
Саған хабарластым. «Келші» дедім.
Келмедің.
Екінші күні тағы хабарластым. Келмедің.
Үмітімді үзе бергенімде, смс жаздың. «Сен мені қанша рет сатып кеттің. Жігітпен жүргеніңді ешқашан кешіре алмаймын. Сені өмір бойы сүйіп едім. Жаралы жүрегіңе дәрі бола алмаймын. Қош бол».
Сонда ғана уақыт лентасын кері айналдырып, бәрін ой безбеніне тарттым. Ақымақ басым...
Жігітім бір айдан соң, қайтып келіп, бәрі үшін кешірім сұрады. Мені сүйетінін айтты. «Тұрмысқа шықшы» деді. Бұл күні мен одан суынып, сен жайлы жиі ойлайтын болдым.
Десе де, көзімді жұмып тұрып, келісім бердім.
Саған смс жаздым. «Мен тұрмысқа шығайын деп жатырмын».
Жауап бермедің.
Тойға да келмедің...
Мен әлі сен жайлы ойлаймын. Іштей. Күйеуім: «Бұрынғыдай емессің, бойыңда бір суықтық бар» дейді...
Ертең «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» Ғашықтар мерекесі екен. Қос мұңлық қосылмай өтіпті жалғаннан. Екеуміз сияқты.
Бұл күні де сен туралы ойлап отырмын. Тек себелей жауған мұңды жаңбыр ғана жүрегіме булыққан жан сырымды ұға алатын сияқты.
Жаңбыр тынбаса екен. Жаңбырдың астында тұрып жылағанымды ешкім сезбейді.
Мен сені сүйіп қалыппын... Бәрі кеш.
Кешірші.
Бақытсызбын...
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: vk.com