Соңғы кездері ғалымдар ғашықтық сезім немесе махаббатқа ғылыми жағынан баға беріп, оның себебі мен салдарын анықтап, бас қатыруда. Ол үшін мамандар еріктілердің қан құрамына сараптама жасап, олардың жүрек қағысын тексеріп және де олардың мінездеріне белгілі бір уақыт аралығында бақылау жүргізу арқылы бұл салада түрлі жаңалық ашып жатыр. Бұл мақалада біз биологтар дәлелдеген кейбір деректерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
«Махаббат – есірткі»
Біреуге өлердей ғашық болып жүрген адамның миын томографиялық тексерістен өткізсе, онда бір қызықты жәйтқа тап боламыз: оның миының екі бірдей бөлігі қалғандарына қарағанда тым белсенді жұмыс жасайды. Мамандар оның себебін мидың дәл осы бөлігіндегі дофаминнің (ынтық сезім мен еліктеуге жауап беретін зат) үлкен мөлшерінің болуымен түсіндіреді. Бір қызығы, адам кокаин есірткісін қабылдаған кезде де мидың осы бөлігі дәл осындай белсенділікпен жұмыс жасайтын көрінеді.
«Махаббат – қысқа ертегі» немесе махаббат тек бір жарымнан үш жылға дейін созылады
Бұл факті ғылыми жағынан толық дәлелденбесе де, оны ішінара дәлелдейтін ғашық жандардың өздері болып отыр. Сауалнамаға қатысқан жүздеген адамның басым көпшілігі ғашықтық сезімдерінің күші тек дәл осы уақыт аралығына ғана жеткенін мойындаған. Ал «одан ұзағырақ болды» дегендердің саны саусақпен санарлықтай ғана.
«Соқыр сезім»
Неміс зерттеушісі Андреас Бартель адам миындағы қыртыстарды бірнеше рет суретке түсіріп, оның нәтижесінде мынаны байқаған: ғашық адамның миының кейбір бөліктері "ұйықтауға" әуес келеді. Ал қалыпты жағдайда бұл бөліктер негативке толы уайым мен рационалды шешімдер қабылдауға жауап беретін көрінеді.
Жабығу қалай пайда болады?
Махаббаттан көңілі қалған адамдар екі кезеңді бастарынан өткереді. Алдымен дофаминнің деңгейі қалыпты жағдайдан барынша көбейеді. Бұл процестің нәтижесінде адам ашуға ерік беріп, кейде сағыныш сезімнің жетегіне еріп, осылайша көңілі бірқалыпсыз күйде болады. Одан кейін ол міндетті түрде екінші кезеңге тап болады. Ол кезде мидағы дофаминнің мөлшері минималды деңгейге дейін төмендеп, адам қатты жабығып, үлкен депрессияға тап болады.
«Махаббат - тәуелділік»
Біз ғашықтық сезімді есірткімен салыстыруға болатынын жоғарыдағы мысалымызда айтып кеттік. Алайда биолог мамандар «жаралы жүректі» де есірткіге тәуелді болуды емдеген секілді қалпына келтіруге болатынын айтады. Оның жалғыз ғана жолы – сыңарыңызды, сондай-ақ оған қатысты болған барлық нәрсе мен әрекеттерді ұмыту!
«Махаббат ауруы жазылмайтын дерт емес»
Ғашық адамның қанында бірнеше химиялық өзгеріс орын алады екен. Мысалы, адам ағзасындағы өте маңызды гармон, серотониннің мөлшері азайып кетеді. Ғалымдар оның себебін дофаминнен көреді. Ол тіпті адамды зардабы ауыр әрекеттерге сүйреп, ақырында істің қайғылы жағдаймен аяқталуын да жоққа шығармайды. Соңғы кезде Америка Құрама Штаттарында ғашықтық сезімі салдарынан жасалынатын қылмыстардың саны едәуір артқандығы себепті, осындай күйдегі адамға дер кезінде көмектесу жолдары қарастырылуда.
Серотонин махаббаты "өлтіре" алады
Ғалымдар мынадай тәжірибе жасап көрген екен: Зертхана егеуқұйрығына үлкен көлемде серотонин дозасын еккен. Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін ол қасындағы ұрғашы тышқаннан аулақ кетіп, өзі жайбарақат өмір сүруге көшкен. Мәселе аталған құрамның дофамин мөлшерін айтарлықтай төмендететінен болып отыр. Сондай-ақ антидепрессанттарды қабылдаған кезде, адам азғасындағы серотониннің мөлшері ұлғаятынын да айта кету керек.
Әртүрлілік - махаббаттың мәңгі кепілі
Америкалық психотерапевттер барлық жұпқа кем дегенде аптасына бір рет жаңа жерлерге барып, бір-біріне әртүрлі сыйлық жасап тұруға кеңес береді. Бастысы – өміріңіз бір сарында болмай, жаңалыққа толы болсын!
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: dnevniki.ykt.ru