- Негізгі бет
- 15 сәуір 2014
- 15 сәуір. Қызды...
15 сәуір. Қызды қызғандырудың амалдары
Қызды қызғандыру арқылы да оған ұнап қалуға болады. Немесе бұрынғы жүрген қызыңның қызғанышын оятып, қайта қызығушылығын тудыру да қиын емес. Бұл және басқа да әдістер жайлы төменгі материалда.
Көңіліңіздің бар екенін білдіріңіз
Егер қыздың сізді қызғанғанын қаласаңыз, алдымен оған деген қызығушылығыңыздың бар екенін көрсетуіңіз керек. Ым-ишарат тілі сезімді үнсіз жеткізудің жақсы амалы. Оған көңіл бөлуге сіздің бірнеше минутыңыз ғана бар, сондықтан әр ишаратты оңтайлы пайдаланыңыз.
- Бөлменің соңындағы оның көзқарасын байқап қалыңыз. Жігіттік қалпыңызды сақтап, көзқарасты біраз ұстап тұрыңыз, ал егер ол сізді байқап қалса, жымиыңыз.
- Егер ол жаныңызда тұрса, денеңізді соған қарай бұрып, қызға қарай сәл қисайып, түзу тұрыңыз. Осылайша сіз оған көңіл бөліп тұрғаныңызды көрсетесіз.
- Әңгімелесу кезінде көзіне тік қарап тұруға тырысыңыз. Ол бірнеше минутқа әлемдегі жалғыз қыз болуы керек.
Қошемет сөздер айтыңыз. Тәніңізбен көңіл білдірген соң, сөзге көшіңіз. Сақтықпен айтылған бірнеше қошемет сөз оны ұнатқаныңызды және жақынырақ танығыңыз келетінін білдіреді: Сыпайы түрде оның сырт келбетін мақтап жіберіңіз. Мысалы, «Қарақаттай қара көздерің әдемі» деген сияқты. Оның күлкісі мен жымиысының сүйкімділігін де атап өтіңіз.
Оған бірнеше сұрақ қойыңыз. Бұл оны жақынырақ білгіңіз келетінін көрсетеді. Бірнеше бейкүнә сұрақ қыздың сізге деген қызығушылығын оятып, ол да сізді жақынырақ танығысы келетін болады.
Ойнақы сұрақтар қойыңыз. Егер ол әпкесі жайлы айтса, онда: «Әпкең де сен сияқты әдемі ме?» деп сұраңыз.
Ақымақ сұрақтар да орынды. Мысалы, иттерін жақсы көретін немесе былғары киім киетін адамдарға қалай қарайтынын сұраңыз.
Және де жеке басына қатысты сұрақтармен де ойын біліңіз. Қызығушылықтары немесе бос уақытында немен айналысуды ұнататынын сұраңыз.
Басқа қыздарды әңгімеге арқау етіңіз
Оны нөмірі екінші етіп қойыңыз. Оған жеткілікті көңіл бөліп, қызығушылығын оятып алған соң, бәрін өзгертетін уақыт жетті. Басқа қыз жайлы айтыңыз. Ол оны тану-танымауы маңызды емес (сіз оны жақын құрбыңыз немесе өмір бойы танитын қыз ретінде таныстыра аласыз).
Әр ыңғайлы сәтте сол қызды атап өтіңіз. Ол жайлы жиі айтудың қажеті жоқ, өйткені бұл оның ашуына тиюі мүмкін, бірақ ойыңыз сол қызда секілді кейіп танытыңыз.
Сол қызға байланысты қошемет сөздер айтыңыз. Мысалы, «Ол өте мейірімді» немесе «Оның қолынан келмейтіні жоқ» деген сияқты.
Ол қызды тіпті ойдан құрастырып алсаңыз да болады. «Сендердің міндетті түрде кездесулерің керек. Достасып кететіндеріңе сенімдімін» деп қосып қойыңыз. Бұдан қыз тіптен екі ойлы болып қалады.
Бір ғана емес, көптеген қыздарды сөз етіңіз. Өзіңізді әрдайым қыздардың ортасында жүретін адамдай көрсетіңіз. Қыздармен боулингке барғаныңызды және онда болған қызықты жайттарды әңгімелеңіз.
Бұрын-соңды жүрген қыздарыңыз жайлы да айтыңыз. Мыңдаған кездесуге барған адам сияқты сөйлесіңіз. Алайда әңгімеңіз сізді тым дөрекі және жеңілтек адамдай көрсетпеуі тиіс, әйтпесе қыздың қызығушылығын жоғалтып аласыз.
Қызды қызғандыру үшін телефон пайдаланыңыз. Қыздар жайлы айтып қана қоймай, телефоныңызды жиі тексеріп те қойыңыз және керек кезде қоңырауларға жауап беріңіз.
Телефон тексеріп жатып, қыздардан қызық хабарлама алғандай күліп қойыңыз. «Кешіріңіз» деп, хабарламаға жауап беріп жатқандай түр жасаңыз.
Егер сол арада телефоныңызға біреу хабарласса, қызбен сөйлесіп жатқандай «Қалайсың? Бәрі жақсы ма? Саған кейінірек хабарласайын, иә?» деп айтыңыз. Телефонның арғы жағындағы адамды «Жаным» деп артық кетпеңіз.
Алайда әрдайым телефон шұқылап отыру да болмас. Қыздың шыдамдылығын да ойлаңыз.
Ол сізді басқа қыздармен көрсін
Басқа қыздармен ойнақы сөйлесіңіз. Қызбен сөйлесіп, оған деген қызығушылығыңыз бар екенін көрсетіп алған соң, оны елемей, басқа қыздармен сөйлесуді бастаңыз. Сіз мұны қызбен сөйлескеннен кейін бірнеше минуттан кейін жасай аласыз. Мысалы:
Егер сіз қандай да бір жиын-кеште отырған болсаңыз, жаныңызда отырған қызбен сөйлесіңіз. Толықтай соған беріліп, сырт көзге онымен қызық әңгіме өрбіп жатқандай кейіп танытыңыз.
Басқа қызды биге шақырыңыз. Бірақ оған жармаспаңыз. Жай ғана бір-екі әнге билеп, көңілді жүріңіз. Бір топ қыздармен әңгімелесіңіз. Ұнатқан қызыңыздың көзінше оларды күлдіріңіз.
Егер сіз оны өзіңізге жақын ұстағыңыз келсе немесе басқа қыздармен әңгімелесіп болсаңыз, оның құрбыларына көңіл аударып, қыздың қызғанышын тудыра аласыз. Осылайша сіз оның жанында боласыз, ал ол пиғылыңызды түсіне алмай, бар назары сізде болады.
Құрбыларының жанында оны елемеуге тырысыңыз. Дәл алдыңызда тұрса да, тұрмағандай кейіп танытыңыз.
Құрбыларын бөліп-жармаңыз. Бәріне ұнауға тырысыңыз. Егер құрбыларының біреуіне назарыңыз тым ауып кетсе, арты жақсы болмайды.
Басқа қызбен қайтыңыз. Бұл өте батыл қадам. Егер жиын-кеште отырған болсаңыз, үйге басқа қызбен қайтыңыз. Мұнда ең бастысы ұнатқан қызыңыз, сіздің басқа қызбен қайтып бара жатқаныңызды көруі.
Кетіп бара жатып, қызғандырғыңыз келген қызға сәл жымиып, басыңызды ақырын изеңіз. Оның сізді бақылап отырғанын байқағаныңызды білдіріңіз.
Күндізгі уақытта да сіз оның қызғанышын тудыра аласыз. Басқа қызбен жай қыдырып жүрсеңіз де, мұны ұнататын қызыңыздың көзінше жасаңыз. Ол сіздің басқа қыздардың ортасында да жайлы сезінетініңізді көруі тиіс.
Бар назарыңыз басқа қызда болсын, ал соңында қызғандырғыңыз келген қызға, «Ой, мен сені байқамай қалыппын» деңіз.
Қызғанышын тудырғыңыз келетін қыз қандай жерлерде көбірек болады, сонда жиі баруға тырысыңыз. Оның сүйікті кафесіне барып, уақытыңызды көңілді өткізіп жүргеніңізді көрсетіңіз.
Егер бірге оқитын болсаңыздар, басқа қызбен оған жақын отырып, сыбырласып, дәптерге хабарламалар жазып, сөйлесіп отырған болыңыз.
Оған ұнап қалғыңыз келсе, көп күтпеңіз. Бұл өте маңызды. Егер басқа қыздарға тым көп көңіл бөліп кетсеңіз, ол сізді қызқұмар санап, сізге деген қызығушылығы басылып қалады.
Егер қандай да бір жиын-кеште қыздың қызғанышын тудырмақ болсаңыз, басқа қыздармен әңгімелесіп болған соң, ұнатқан қызыңызға қайтып оралыңыз. Әйтпесе оның шыдамы таусылады.
Қыздың қызығушылығын оятып алған соң, басқа қыздармен әңгімелесуді доғарыңыз. Біраз уақытқа миссия аяқталды.
Сурет: ru.wikihow.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina