- Негізгі бет
- 15 сәуір 2014
- 15 сәуір. Жауапсыз...
15 сәуір. Жауапсыз махаббатты ұмыту жолдары
Жауапсыз махаббат, айырылысу кімге де болса оңай тимесі анық. Десе де, достарыңыз бен жақындарыңыздың сүйеніші мен уақыт бұл кезеңнен құтылуға мүмкіндік жасайды. Аздаған кеңестерімізді ұсынамыз.
1. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: Оны шын жақсы көресіз бе? Көп жағдайда сіз келбетті әрі сымбатты досыңызға, әртіске, актерге ғашық болғандай жүруіңіз мүмкін. Иә, олар туралы күндіз де, түнде де ойлап, уайымға берілуіңіз де ғажап емес. Бірақ бұл тек әуестік, ұнату ғана.
- Нағыз махаббат екеуара сүйіспеншіліктен тұрады. Ал өзара сүйіспеншілік орнауы үшін сіз оны барынша жақын тануыңыз шарт. Оның кемшіліктері мен жақсылықтарын таразылай білуіңіз керек.
- Егер мұндай жағдай басыңыздан өтпесе сіздегі сезімді махаббат деп емес, оның образына ғана ғашықтығыңыз деуге болады.
- Егер өзіңізді «ғашық емеспін» деп сендіре алатын болсаңыз, мың батпан мұңнан оңай құтыласыз.
2. Қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бар ма, жоқ па: анықтап алыңыз. Ойыңызды жинақтап, оның сізбен қарым-қатынас құру мүмкіндігін таразылаңыз. Егер әріптесіңіз, өз қатарласыңыз немесе қарапайым адам болса, оны кездесуге шақыруыңыз әбестік емес.
- Ал егер жақын досыңыздың кездесіп жүрген сүйіктісі, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім, тіпті болмаса Леонардо Ди Каприо болса райыңыздан бірден қайтқаныңыз жөн. Себебі оның еш нәтижесі болмайды.
- Әрине, райыңыздан оңай қайта алмайсыз, бірақ қаншалықты ерте түсінсеңіз, соншалықты оңай болатынын ескеріңіз.
3. Махаббатыңызға неліктен қол жеткізе алмайтыныңызды тізімдеп жазыңыз. Бұл тізімге әлеуметтік жағдай, психологиялық көзқарас, жас айырмашылығы, ориентация сияқты факторлардың енгені жөн. Себебі сүйіктіңізді ойлап, ғашықтықтың уытына масайрап жүрген сіз анық нәрселерді көрмеуіңіз мүмкін.
- Тізімге ілігетін факторлар өте көп болуы мүмкін: 20 жастық жас айырмашылығы, тұрмыс құрып қойған (ер болса отбасылы екендігі) т.б.
- Көп жағдайда жүрек миды алдайтынын ескеріп, ақылыңызға ерік беріңіз. Ал кейін жүрегіңіз сізге рақмет айтатын болады.
4. Өзіңіздің теңіңізге ғашық болуды үйреніңіз. Өмір бойы қол жеткізе алмайтын адам үшін қайғыға беріліп, құса болудан аулақ болыңыз.
- Өз теңіңіз сізбен бірге оқитын, сізбен бірге жұмыс істейтін адам болуы да мүмкін.
- Тіпті теңіңіз деп ойлайтын адамдарға ғашық бола алмасаңыз да, олармен қарым-қатынас құрудан қорықпаңыз. Себебі жаңа адамдармен сөйлесу – қарым-қатынас құрудың алғашқы қадамдары.
5. Өзіңіздің абыройыңызды ойлаңыз. Сізді де біреу сүюі керектігі жайлы ойлап, жауапсыз махаббат құрбанының рөлінен шығып көріңіз. Сіз де біреудің сүйіктісі бола аласыз, мына жарық күн сіз үшін шуағын шашатынын ескеріңіз. Сіздің сондай мейірлі жан екеніңізді көріп-біле алмаған адамды қалайша сүйе бермексіз?
- Өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді көбейтіңіз. Әзіл секілді көрінуі мүмкін, бірақ айнаға қарап, «Мен жақсы адаммын» деп 5 реттен қайталайтын болсаңыз, бұл сіздің көңіл-күйіңізді көтереді, дейді психологтар.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: wikihow.com
А. Құлтай