Қазақ жастары 15 сәуір – ғашықтар күнін тойлауға қызу дайындық үстінде. Ал басқа елдерде ше? Махаббат немесе ғашықтар күні қашан және қалай тойланады? Әрине көпшілік христиан елдерінде Әулие Валентина күні міндетті түрде аталып өтетіні белгілі. Алайда көптеген елде бұл күннен бөлек, бейресми саналатын өздерінің махаббат күндері бар. Бұл мереке әр елде әрқалай тойланады. Енді сол мемлекеттердегі махаббат күні қашан және қалай тойланатынына қысқаша тоқталып өтейік.
Ақ күн
Жапония, 14 наурыз
Көптеген елде аталып өтетін 14 ақпан күні ғашық жандар бір-біріне жүрекше түріндегі әртүрлі сыйлықтар жасайтын болса, бұл күні «күн шығыс елінде» керісінше тек қыздар ғана белсенділік танытады. Яғни сыйлақтарды тек нәзік жандылар ғана сатып алып, сүйіктілеріне сыйлайтын болған. Осы жайттың кесірінен жергілікті кәмпит өндіруші фирмалар өз сатып алушылары арасынан ер адамдарды мүлдем жоғалтып алады. Сондықтан бұл «әділетсіздікке» тосқауыл қойып, ерлерді дүкендерге «қайтару» мақсатында кондитерлік фирмалар ерекше жарнамалық науқан жүргізеді. Ол бойынша, жігіттер өз сүйіктілерінің жасаған сыйларына ақ зефирмен алғыс айтулары керек болған. Кейін міндетті түрде жасалуы керек сыйлықтар арасына ақ шоколад пен басқа да тәттілер кіреді. Сол кезден бастап 14 наурыз - Қасиетті Валентин күнінде қыздардың жасаған сыйлықтарына бір айдан кейін жігіттер ақ шоколадтармен қарымта жауап беретіндіктен, Ақ күн деп аталып, жыл сайын тойланатын мерекеге айналады.
Қасиетті Саркис күні
Армения, 4 ақпан
Ел аузында сақталған аңыз бойынша бағзы заманда осы елдің патшасы 40 қызметші әйелге сарайдағы жеңіс тойын тойлап жатқан жауынгерлерді өлтіруге бұйрық береді. Оның 39-ы оны бұлжытпай орындаса, тек бір әйел ғана Саркис атты батырдың сұлулығына тәнті болып, оны ажалдан құтқарып қалады. Осы себепті армян жастары ғашықтар күнін Қасиетті Саркис күнінде атап өтеді. Кешке қарай мейрам басталмастан бұрын олар тұздалған құймақ жейді. Себебі олардың нанымы бойынша, бұл түні жігіттер мен қыздар түсінде өздерінің екінші жартысын көреді. Ал күндіз әдетте жас отбасылар мен бір-біріне ғашық жастар шіркеуге барып, құлшылық жасайды.
Махаббат күні
Грузия, 15 сәуір
Грузия мемлекеті тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің православ бағытын ұстанатын болғандықтан, өткен ғасырдың соңына қарай ел парламенті Қасиетті Валентин күнін «католиктердің мерекесі» деп, жастарға төл махаббат күнін 15 сәуір деп белгілеген. Бұл күн елде ресми мереке саналғандықтан, демалыс күні болып есептеледі. Грузиядағы махаббат күнінде әдеттегідей ғашықтар бір-біріне гүл, әтір немесе тағы да басқа кішкене сыйлықтар жасайды. 15 сәуір күнгі мереке мерзімі жағынан ғана өзгеше.
Қасиетті Георгий күні
Испания, 23 сәуір
Испандықтар да ғашықтар күніне байланысты бөлінген бір күнді аздық етіп, қасиетті Георгийді (немесе каталон тілінде Сан-Хорди) еске алу күнін ғашықтардың мерекесіне айналдырды. Аңыз бойынша, шауып өлтірген айдаһардан алқызыл роза раушан өсіп шығып, Георгий оны бейтаныс сұлуға сыйға тартқан. Сол себепті де жыл сайын 23 сәуір күні жастар ең әдемі раушан гүлдерін сатып алып, сүйіктілеріне сыйлап жатады. Ал қыздар оған жауап ретінде жігіттерге кітап (әрине махаббат тақырыбында) береді. Ал Барселонада ежелгі шайқасты еске алу күнінде көшеге айдаһарлардың киімін киген адамдар шығып, кеш соңында олар батырлардың қолынан «талқандалады».
Отбасы, сенім және махаббат күні
Ресей, 8 шілде
8 шілде католиктердің Қасиетті Валентин күніне «православтардың жауабы» ретінде отбасы жебеушісі саналатын Петр мен Феврония Муромскийлердің құрметіне атап өтілетін мерекеге айналды. Бұл күн Ресейде 2008 жылдан бастап ресми түрде Отбасы, сенім және махаббат күні ретінде тойланады. XIII ғасырда өмір сүрген қасиетті жандар әрдайым ерлі-зайыптылардың махаббаты мен үлгілі өмірінің қамқоршысы деп саналады. Ескерте кетейік, батыс елдерінде жастар Қасиетті Валентин күнінде некелерін қиюға асық болса, Ресейде 8 шілде Петров постымен сәйкес келгендіктен, оған тыйым салынады.
Махаббат күні
Израиль, 3 тамыз
Израильде де тамыз айының 3 жұлдызында атап өтілетін төл махаббат мерекесі бар. Алайда бұл мереке ресми күнтізбеде белгіленгенімен, қазіргі кезде халық арасында аса танымалдыққа ие болып үлгере қоймаған. Ғашықтар тек бір-бірін ауызша құттықтап, кішігірім сый-сыяпаттармен алмасып жатады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: colourbox.com