15 сәуір – "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мерекесі қарсаңында "Алдаспан" тобының ритм-домбырашысы Бахытжан Желдербаевтың асханасында қонақта болдық. Қазақтың домбырасын серік еткен серіміз бізді таңғалдырды. Бақытжан барлық ғашықтар үшін "Алғашқы махаббат" салатының мәзірін ұсынады.
| Құрамы: тауық еті, майонез грек жаңғағы саңырауқұлақ ірімшік, май жұмыртқа, тұз анар, пияз |
| Пиязды тазартып, жуыңыз да, ұсақ әрі ұзын етіп турап шығыңыз. Осы сәтте тауық пен жұмыртқаны да суға қайнатуға тырысыңыз. |
| Саңырауқұлақты да дәл пияз секілді турайсыз. |
| Табадағы майды қыздырып, пиязды саласыз да, 2-3 минуттан кейін саңырауқұлақты қуыруды бастайсыз. Екеуінің де күйіп кетпеуін қадағалаңыз. 5-6 минуттан кейін өшіре беруге болады. |
| Жаңғақты барынша ұсақ етіп езіңіз. |
| Кезек ірімшікке келді. Оны да ұсақ әрі ұзын етіп турайсыз. Үккішті де пайдалануға болады. |
| Піскен жұмыртқаны да ұсақтап тураңыз. Сарысын ұнатпасаңыз, бөлек турап қоюға болады. |
| Салатты тәрелкеге орналастыруды бастаймыз. Оның пішіні жүрек тәрізді болатындықтан, қатты қағаздан жүрек ойып алуға да болады. Онсыз жасай алатындығыңызға сенімді болсаңыз, іске сәт! Тауық етін бірінші қабатқа орналастырыңыз. |
| Екінші қабатқа қуырылған саңырауқұлақ пен пиязды салыңыз да, майонезді жағып, тұз себіңіз. |
| Үшінші қабатқа жұмыртқаны орналастырамыз. |
| Жаңғақты төртінші қабатқа салып, майонез жағасыз да, тұз себесіз. Оның үстіне ірімшікті салып, майонез жағасыз. Тұзды да ұмытпаңыз. Алтыншы қабатқа анардың дәндерін қойып шығыңыз. |
"Алғашқы махаббат" дайын! Асыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Бахытжан Желдербаев және Айгерім Сматуллаева
Е. Қайрахан