Бірінші бөлім
Екінші бөлім
Үшінші бөлім
Төртінші бөлім
1-сұрақ. «15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» мерекесі жайлы не ойлайсыз?
2-сұрақ. Бала махаббатыңызды қай кезде кездестіріп едіңіз? Есімі есіңізде ме?
3-сұрақ. Романтикалық іс-әрекеттерге көзқарасыңыз. Дұрыс па, бұрыс па? Өз пейіліңізді білдіру мақсатында романтикалық іс-әрекеттер жасадыңыз ба? Әлде сізге тосын сый жасаған кездер болды ма?
Әнші-сазгер Роза Әлқожа
Көштен қалып бара жатырмыз деп ойда-жоқта «Ғашықтар күнін» атап өту дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл күннің кең көлемде тойланып, ескерілуі алдағы күндердің еншісінде деп ойлаймын. Мереке кең етек жайып, атап өтілсе, әрине, жөн-ақ. Ал қазір оны тойлаудың еш қажеті жоқ деген ойдамын. Бала махаббат та, шала махаббат та, әлбетте, болды. Бала сезім шынайылығымен есімде қалды. Романтикалық іс-әрекеттерді жасау әр адамның болмысына байланысты ғой. Себебі, әр адамның ой-қиялы шексіз. Өз қиялына ерік беріп, сүйген жанына тосын сый жасаған жанның кез келген іс-әрекеті игі тілектерге, құрметке толы болса жақсы. Тек өзгеден көріп, бәсекеге жол беріп не сол әдісті көшіріп алған дұрыс емес. Әр адам өзінше жасағаны абзал. Ең бастысы, бұл іс-әрекеттердің барлығы шынайы сезімге толы болсын.
Әнші, продюсер, тележүргізуші Нұрлан Албан
15 сәуір «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні», «Ғашықтар күні», «Махаббат мерекесі» деп кім белгілеп жүр?! Ықылымнан бері тарих беттерінен орын алатын қос ғашықтың 15 сәуір күніне қандай қатысы бар?! Мен қандай күн болмасын белгілі бір күнді «Ғашықтар күні» деп белгілеуге түбегейлі қарсымын. Неге десеңіз, адам баласы жылдың 365 күнінде, өле-өлгенше ғашық болып өту керек. Әр күн махаббатқа, ыстық ықыласқа, пәк сезімге толы болғаны жөн. Алғашқы махаббатым есімде. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде жолықты. Әдемі есімін де ұмытқан емеспін. Бірақ, оның кім екенін айтпаймын. Құпия болып қалсын Романтиканы әркім өзінше түсінеді. Өз бетінше романтикалық іс-әрекеттерді жасап жатады. Мектепте оқып жүргенде біз сырттай ғашық болып жүрген қыздарымызға әдемілеп хат жазатынбыз. Мысалы, есімі алты әріптен тұратын болса, әр әріпті әр түрлі сиямен әдемі қылып жазамыз. Содан кейін келесі жолға «М.С.С» деп жазып, атымызды жасырып, басқа жан арқылы қолына ұстатып қоятынбыз. Соның өзі біз үшін батыл қадам болатын. «М.С.С» деп жасырып жазғанымыздың өзі үлкен құпияны ашатындай болып көрінетін.