- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Махаббат сауалнамасы. 1-бөлім...
Махаббат сауалнамасы. 1-бөлім
"15 сәуір Ғашықтар күні" мерекесінің қарсаңында танымал өнер адамдарының арасында махаббат тақырыбында сауалнама жүргізген болатынбыз.
1-сұрақ. «15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» мерекесі жайлы не ойлайсыз?
2-сұрақ. Бала махаббатыңызды қай кезде кездестіріп едіңіз? Есімі есіңізде ме?
3-сұрақ. Романтикалық іс-әрекеттерге көзқарасыңыз. Дұрыс па, бұрыс па? Өз пейіліңізді білдіру мақсатында романтикалық іс-әрекеттер жасадыңыз ба? Әлде сізге тосын сый жасаған кездер болды ма?
"Art-Dala" тобының мүшесі Ардақ Итекеева
- Өкінішке орай, мен біздің елде осындай мерекенің барын осы күнге дейін білмей келіппін. Әрине, өз мерекеміздің болғанын қолдаймын. Ал оны кең көлемде атап өту дұрыс па, бұрыс па, оны уақыт көрсете жатар. Мысалы, бұл күннің мереке екенін пайдалана отырып, сүйікті адамға тосын сый жасап, мейраммен құттықтап көңілін көтеруге болады емес пе?! Шынымды айтсам, бұл күннің мен үшін аса бір үлкен қажеттілігі жоқ.
- Әрине, есімде. Бірінші сыныпта оқыған кезде сыныптас бір баланы ұнатып жүрдім. Бала кезде бірақ қайдағы махаббат?! Ол да бала, мен де бала. Өз сезімімді оған білдірмедім, ұнататынымды да көрсетпедім. Ал оның есімі құпия болып қалсын.
- Нәзік жан болғандықтан, әсемдікке, нәзіктікке, әдемілікке құштармыз ғой. Ер-азаматтар қыз баланың көңілін тауып, оған гүл сыйласа, тосын сыйлар тартса, жақсы емес пе?! Менің ойымша, романтикалық іс-әрекеттердің болуы керек. Әрине, 101 раушан гүлін, асыл тастары бар әшекей-бұйымдар сыйлау шарт емес. Қандай сый, қандай әрекет болмасын, ең бастысы, шын көңілден берілсе болғаны. Өзіме келер болсам, есіме кезекті концерттен кейін алдымнан шыққан белгісіз жанның сыйы түсіп отыр. Кім екені белгісіз, әйтеуір, көлігімнің есігіне жүрек пішінді үлкен шар іліп, көлік үстіне үлкен гүл шоқтарын ашық хатпен бірге тастап кетіпті. Хатта «Ардаққа! Шын жүректен!» деп жазған. Өкінішке орай, тосын сый жасаған жанның есіме мен үшін әлі күнге дейін беймәлім.
Әнші Ардақ Бәлтаев
- «Ғашықтар күні» деген мереке жайлы айтар болсам, менің ойымша, белгілі бір күнді соған арнаудың еш қажеті жоқ. 15 сәуірге тіреліп қалған ештеңе жоқ қой. Мысалы, мен қаңтар айының 3-жұлдызында бір қызды кездестіріп, соны ұнатып, іштей ғашық болып қалдым. Сонда сол қызға өз сезімімді білдіру үшін 15 сәуірдің болғанын тағатсыздана күтіп жүремін бе?!
- 1 сыныпта оқитын кезім. Сыныбымда Айнұр деген қыз оқыды. Сол қызға іштей ғашық болдым. Ол кезде үлкен әпкем жаңадан тұрмыс құрған. Ал Айнұр болса, әпке-жездемнің үйіне қарама-қарсы үйде тұратын. Мен әпкемнің үйіне Айнұрды көру үшін жиі-жиі қонаққа баратынмын. Есік алдында отырып, Айнұрға алыстан қарап отыратынмын. «Айнұр – менің қызым» деп қоятынмын. Қызығы, оған ғашық болғанымды ол да білмейді. Өзім де жақсы көру дегеннің не екенін ұқпаймын. Әйтеуір, сырттай Айнұрды иемденіп алып жүрдім.
- Әр адам, меніңше, өзінше романтик. Өз қиялында, өз ойында сүйген жанына игі әрекеттер жасап, тосый сый тартқысы келеді. Қазақша айтсақ, романтикалық іс-әрекеттерге бой ұру әр адамның ар-ұятына байланысты сияқты. Өзіме келер болсам, романтикалық іс-әрекеттер жасап көрмеген екенмін. Асфальтқа сүйгенімнің есімін жазу, ел көзінше оған сезімімді білдіріп, балкон астында ән салу деген сынды дүниелер табиғатыма жат нәрсе.