Қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап тұрғызылған Қозы Көрпеш - Баян Сұлу мазары Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жердегі Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Жалпы биіктігі - 11.65 м. Қабырғасы гранит қалақ тас пен сабан аралас балшықтан қаланған. Кірер есігі шығысқа қаратылған. Бір зерттеушілердің пікірінше, ол V-X ғасырда көтерілсе, басқалар X-XI ғасырда орнатылған дейді. Қалай дегенмен де, лиро-эпостық поэманың кейіпкерлерімен байланысқан мазар біздің күнге дейін жеткен ежелгі Қазақстан ескерткіші болып табылады.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жырлап келе жатқан Қозы Көрпеш-Баян Сұлу хикаясын Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Василий Радлов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты зерттеуші-ғалымдар, тарихшы, әдебиетшілер бірнеше ғасыр бойы зерттеп, қазіргі ұрпаққа асыл мұра етіп, жеткізіп отыр. Кесенені 1856 жылы зерттеген Шоқан Уәлиханов мазардың жанында төрт балбал тастың болғанын жазған екен. Халық аңызы оларда Қозы Көрпеш, Баян сұлу және олардың апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері бейнеленген дегенді айтады. Алайда қазірде ол тастар жоғалған.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу аңызының ел аузында бірнеше нұсқасы жүр. Соның бірі әйгілі аңызды былайша өрбітеді: Кішкентайынан бірге өсіп, дос болған Сарыбай мен Қарабай әлі дүниеге келмеген балаларын атастырып қояды. Ұлы дүниеге келмей жатып Сарыбай аңшылықта қайтыс болады. Атастырылған Қозы мен Баян ер жете бір-біріне ғашық болады. Бірақ Қарабай сөзінде тұрмай, қызын бір кездері малын жұттан сақтап қалған палуан Қодарға беруді жөн көреді. Сөйтіп Қодар екі ғашықтың ортасына түседі. Екеуара шайқаста бірінші болып Қозының басы кетеді. Сүйіктісінен айрылған Баян кек алуды ұйымдастырады. Ол Қодарды алдап, егер ол құдық қазып берсе, оған тұрмысқа шығамын дейді. Қодар Баянның шашынан ұстап алып, құдықты терең етіп қаза бастайды. Құдық тереңдей бергенде, Баян шашын кесіп жіберіп, Қодарды құдыққа батырып, өлтіреді. Ал өзі өз-өзін қылыштап, бақилыққа аттанады.
Қозы Көрпеш жігіт пен сұлу Баянның бейнесі қазақ халқымен он бес ғасыр бойы ажырамай келеді. Олардың биік сезімі әлі күнге дейін бөлінбей, адамзаттың мәңгі жырлар тақырыбы махаббаттың символына айналды. Қос ғашықтың жалындаған, қайғылы махаббаты ақындарды, драматургтерді, этнографтарды нәсіліне, тегіне қарамай, сан ғасырлар бойы шабытқа жетелеп келеді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/cnrQFsaaH_w?version=3&hl=ru_RU&rel=0","width":"400","height":"250"});
Сурет: nur.kz
Видео авторы serikkazy