- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Қазақ даласындағы махаббат...
Қазақ даласындағы махаббат мекені
Кең-байтақ Қазақ даласы махаббат мекендеріне бай екен. Әр махаббат мекенінде сүйген жандар бір-біріне өз сезімдерін білдіре алады.
Көк-Төбе
Алатау баурайындағы Көк-төбеде ғашық жандар көп шоғырланады. Әсіресе, кешкі уақытта, жарық шамдары іске қосылғанда, бұл жақтан қол ұстасқан жұптарды көруге болады. Қала нышанына айналған алма жемісінің ескерткішіне жақын келіп, ғашық жандар су бұрқағына тиын тастап, іштерінен арман-тілектерін айтады.
Атырау қаласындағы көпір
Жайық өзенінің бойындағы қаланы Еуропа мен Азия құрлықтарына бөлетін үлкен көпір талай жас жұбайлардың бірге болуына себепші болған. Дәл осы көпір үстінде ер-азаматтар қауымы сүйген қыздарына үйлену туралы ұсыныстарын білдіріп жатады.
Махаббат ағашы
Темірден тұрғызылған «Махаббат ағашы» Ақтөбе қаласының көркіне айналды. «Махаббат ағашы» орнатылған алаңда су құдығы бар. Жас жұбайлар некелері қиылған бойда, ағашқа келіп, бұтақтарына құлып іліп кетеді. Әдетте, құлыпта жас жұбайлардың есімдері мен үйленген күні жазылады. Құлып бекітілгеннен кейін, оның кілтін су құдығына түсіріп жібереді.
Неке қию ағашы
Семей қаласында 2009 жылы «Неке қию ағашы» тұрғызылды. Темір металлдан жасалған ағаш бұтақтарына жас жұбайлардың есімдері жазылған құлыптар бекітіледі. Құлып бекіту беріктік пен тұрақтылықтың белгісі болып табылады. Бұл ағашқа өз құлыптарын тек жаңадан отау құрған жандар ғана емес, бір-біріне ғашық жандар мен жақсы достар да бекіте алады.
«Жас жұбайлар» ескерткіші
Бұл ескерткіш жақын жылдары Алматы қаласының маңындағы Алмарасан шатқалында бой көтерді. Жылдың кез келген мезгілінде ескерткішке неке қиып жатқан жас жұбайлар, бір-біріне ынтызар жандар арнайы келеді. «Жас Жұбайлар» ескерткіші махаббат пен пәк сезімнің нышанына айналды.
Суреттер: meloman.kz, assastudio.ru
Ғ. Ұзақ