- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Бүгінгінің махаббаты...
Бүгінгінің махаббаты
Шынайы махаббаттар кітап бетінің дастаны болғанмен, өмірде болған оқиғалардан құрылатыны анық. Ендеше, қазіргі заманның Қозысы мен Баяны қандай күй кешіп жүр? Ол екеуі бақытты болып жатыр ма? Мәңгілік бірге бола ала ма екен? Қалай ойлайсыздар?!
...Есентай жағалауы. Әділдің күткеніне жарты сағат болды. Баян келе қоймады. Жүрек тұсында болмашы ғана діріл жүріп, өне бойына таралып бара жатыр. Шыдай алмай қалтасына қолын салып, Баян берген жүзікті бір алып қарады. Жүзіктің кішкене ғана көзінде екеуінің бірге өткізген талай күндері мен алдан шығар қиындықтары жатқандай. Сырғып өткен дәуреннің бір белгісіндей қолға тұрмай, сусып барады. Қолынан түсіп кетті. Алайын деп еңкейе бергенде, құлақтың дәл түбінен мысықтың даусы естілді. Ащы дауыс құлақ етін жыртып жіберді. Отырған күйі басы айналып, миы зеңіп қоя берді...
.....Ауылдан келгелі бері, осы жігіттің жолы бір болмай-ақ қойды. Ылғи жолын қырсық шалады да жүреді. Бірде темір тордың ар жағынан, бірде аурухананың дәл төрінен бір-ақ шығып жатқаны. Ылғи біреуге жақсылық жасаймын деп көлденең көк аттылардың шұлғауында кетіп қалатыны бар. Қайтсін енді?! Ауылдағы ата-ана сөйтіп өсірген соң. Бала кезінен бастап, жақсы деген нәрсенің бәрін құлағына құйып ержетті. Көршілердің баласын идеал тұтты. Өзі де тумысынан сенгіш еді. Әрі болмашы дүниеге еліктеп, кеш бойына қызық тауып жүретін. Сондағы қызығы - кітап оқу. Қандай кітап дейсіз ғой?! Махаббат жырларын. "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" лиро-эпостық жырын. Сол екеуінің махаббатына бір тамсанып қойып, таңдай қағып, таңмен алысып шығатын.
Тәтті қиялдардың елесінде жүрген жігітті Алматыға не сүйреп келгенін кім білсін?! Ата-анадан батаны алған бойда, қайдасың арман деп Алматыға тартқан да отырған. Әрине, алғашқыда қиын тисе де, келе-келе үйреніп кеткен. Маркет-дүкендердің есігін тозыдырып жүріп, қарауыл болып жұмысқа тұрған. Сонда жүріп қиялдағы қыздай болмаса да, кескін-келбеті ерекше бір жанға жолыққан. Қарауыл бола тұра, сол қызбен танысам деп жүріп, жұмыстан да шыққан. Сөйтіп көше бойында жұмыс іздеп тұрғанда, шет елдік джип көлігіне жолыққан. Ол жұмыс ұсынған. Бұл бірден келіскен. Астында жеке көлігі бар жігіт болып шыға келген. Күніге Баянның жолын торуылдап, ақыры танысып тынған. Қыз бұны ұнатқан. Бұл оны алам деген. Ойында ештеңе жоқ ауылдың аңғал жігіті болған жайдың барлығын бастығына айтып берген. Бастығы да әйел кісі екен, бұның бәрін естігенде бірден өзгеріп сала берген. Қызығы, бастығы Әділді жақсы көретін болып шықты. Араларындағы он-он бес жасты еш елемесе керек. Оған көнетін Әділ бар ма?! Жұмыстан шығам деген. Баянға үйленем деген. Содан арадағы қатынас ушыққан. Әйел бастығы соңғы рет ескертем деген. Тек қана мендіксің деген. Бұл болса, адам құсап рұқсат сұраған. Рұқсат бермеген соң, кеткен де қалған. Ол болса, ертесіне Баянды тауып алып, болмағанды болғандай қылып айтқан. Аяғында жылаған. Баян болса, сеніп қалған. Мәселе тағы да шиеленіскен. Аһілеп-уһілеп жүріп, ақыры Баян мен Әділ Есентайдың бойында кездесетін болып келіскен.
...Өлгенім осы шығар деп еді. Өлмепті. Көрер жарығы бар екен. Әлгіндегі мысық даусын осымен екінші рет есітіп отыр. Бұрын аңға шыққанда аңдаусызда досының мылтығы атылып кетіп, құлақ-шекесінің түбінен өткен болатын. Сол жолғыдай бүгін де құлағының дәл түбі дызылдап маза берер емес. Көзін зорға ашты. Үстіне қараса, аппақ киім. Аппақ бөлме. Аурухана!.. Жатқан жерінен атып тұрды. Баянын іздеді. Ол жоқ. Тұла бойы қалтырап кетті. Есіктің аузына қарай жүгірді...
Келсе Баян жоқ. Қорқайын деді. Екеуі кездесетін орын бос тұр. Жерде жүзік жатыр. Бағанағы өзінің ұмыт қалдырған жүзігі. Қайда барарын білмеді. Қайдан іздерін білмеді. Тек үлкен көшенің бойына қарай жүре берді...
Ары қарай не болды дейсіздер ғой. Қысқасы былай. Әділдің Баянмен кездесетінін біліп, бастығы аңдып отырып, осында келген. Содан Әділді көрген бойда өлтіргісі келіп кеткен. Қалтасынан тапаншасын алған да, ойланбастан атып салған. Әділді өлдіге санап, бірден көлігіне мініп, тайып тұрған. Ал жарты сағатқа кешігіп келген Баян Әділді екеуі кездесетін орыннан таппай дал болған. Жерде өзі сыйлаған жүзік жатқан. Оны көріп, екеуі арасындағы махаббатты біттіге сайған. Жылаған бойы туған апасының үйіне тартып отырған.
...Екеуінің ерте ме, кеш пе, қосылары сөзсіз. Оның бәрі уақыт еншісіндегі дүниелер. Қодарлар қай қоғамнан болмасын табылады. Алайда, нағыз шынайы махаббат табыла бермейді ғой..
Суреттер: mobilmusic.ru
Л. Лига