- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Махаббат сауалнамасы. Екінші бөлім
Махаббат сауалнамасы. Екінші бөлім
1-сұрақ. «15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» мерекесі жайлы не ойлайсыз?
2-сұрақ. Бала махаббатыңызды қай кезде кездестіріп едіңіз? Есімі есіңізде ме?
3-сұрақ. Романтикалық іс-әрекеттерге көзқарасыңыз. Дұрыс па, бұрыс па? Өз пейіліңізді білдіру мақсатында романтикалық іс-әрекеттер жасадыңыз ба? Әлде сізге тосын сый жасаған кездер болды ма?
"Тұран" этно-фольклорлық ансабмлінің белді мүшесі, жетігенші, әнші-сазгер Қорлан Кәртенбаева
- Өзіміздің төл мерекеміздің болғанына не жетсін. Соңғы кездері 14 ақпанда тойлайтын Әулие Валентин мерекесін атап өту дәстүрге айналды. Бұл ұлттық мүддемізді сақтауға кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Ең дұрысы, «15 сәуір – Ғашықтар күні» мерекесі сияқты өз мерекеміздің болғаны. Қазақтың өз мерекесі болса, нұр үстіне нұр емес пе?!
- Бұл бір қызық сұрақ болды ғой. Балалық махаббат деп айтуға бола ма, әлде жоқ па, ол жағын білмеймін. Әрине, балабақшада, мектепте ұнайтын балалар болды. Оны жай ғана қызығушылық деп білемін. Нақты есімдері есімде қалмапты.
- Кез келген қыз бала романтикалық әсерге бөленіп, ер азаматтардан ерекше тосын сый күтетіні жасырын емес. Алайда, кейде қыздардың романтика деп тым қиялға беріліп кететіні бар. Меніңше, сезім шынайы болуы керек, жасанды әрі алдын ала ойластырылған романтикалық іс-әрекет ол шынайы емес деп ойлаймын. Абай атамыз айтқандай, «Махаббаттың тілі - үнсіз тіл» болуы керек. Мен сезімге өте берік адаммын. Сондықтан да, маған романтикалық іс-әрекеттер жасап, өз сезімін білдіру ер-азаматтар үшін қиынға соғады.
"Парасат" тобының әншісі Дулат Тоқанов
- Еліміз тәуелсіздік алған соң, біздің өлкеге батыс тауарларымен бірге батыс мәдениеті келді. Өз кезегімізде, ойланбастан барлығын көшіруге тырыстық. Уақыт өте келе, оның барлығының бізге керегі бар ма, жоқ па деп ойлана бастадық. Өз тарихымыз, өз мәдениетіміз бола тұра, неліктен өзгеге жалтақтап жүреміз?! Әрине, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні сияқты төл мерекеміздің болғаны мені қуантады. Бұл мерекені атап өту дұрыс деп ойлаймын. Келешекте мереке кең етек жайып, ауқымды түрде тойланады деген ойдамын.
- Ең алғаш рет балабақшада ғашық болдым. Мен сүйген қыздың есімі есімде қалмапты, бірақ та мен әр кез оның бұрымынан тартатынмын. Осылайша, оған өз сезімімді білдіретінмін. Ал негізі мен бірнеше мәрте ғашық болғанмын. Бірінші сыныпта, жоғары сыныптарда, институтта. Әр ғашық болған сайын сол бір сезімді алғаш рет өткізгендей боламын.
- Әрине, мен де көпшілік жас жігіттер сияқты өз сүйіктіме тосын сыйлар жасап жүрдім. Институтта оқып жүрген кезде сүйіктімді үйіне дейін шығарып салатынмын, бірақ, ешқашан да оны күтіп алмайтынмын. Бір күні оның күнде табан тірейтін аялдамасына қолыма гүл алып бардым. Менің келетінімді күтпеген ол қатты қуанып, таң қалып жатты. Өнер академиясында білім алған жылдары ұялы телефондар болмаған-ды. Гардеробта бір кәрі апа жұмыс істейтін. Әр кез сүйікті қызыма хат жазып, сол апа арқылы беріп жүрдім. Сол кезде ұялы телефон болмағандықтан, апа арқылы берілетін хаттар қазіргі смс-хаттар секілді болатын. Сондай-ақ, әнші болғандықтан, бірнеше мәрте сүйіктімнің балконының астында тұрып серенада айтқанмын.