- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Қазақ даласындағы махаббат мекені. 2-бөлім
Қазақ даласындағы махаббат мекені. 2-бөлім
Махаббат бағдаршамы
Алматы қаласында махаббат бағдаршамы бар. Фурманов пен Гоголь қиылысындағы бұл бағдаршамның қызыл түсі жанған кезде, жүрек пішінді көруге болады. Бұл бағдаршам жанында талай жұптар қосылып, талай серілер өз сүйіктілеріне үйлену туралы ұсыныс жасайды екен.
Махаббат аллеясы
Өткен жылы қала күніне орай Өскемен қаласының әкімішілігі тұрғындарға тосын сый жасады. Қалада «Махаббат аллеясы» ашылды. Аллея пәк сезімді бейнелейтін мүсіндерге толы. Бұл аллеяның сәнін сері жігіттің мүсіні келтіріп тұр. Жүрек үстінде тұрған жігіт өз сүйіктісін іздеп жүргендей. Бірақ та, оның жұбы 90-60-90 параметріне сай болу керек. Әзілқой мүсін жанына тек қыздар ғана емес, жігіттер де келіп суретке түседі. Ал ақшам уақытында аллеяда шам жағылған кезде қол ұстасып, серуендеп жүрген қос ғашықтарды кездестіруге болады.
«Махаббат тасы» немесе «Махаббат аллеясы»
Алматы қаласының Чайковский көшесінің бойында (Төле Би көшесінің қиылысында) жүрек пішінді «Махаббат тасы» орналасқан. «Әлемнің барлық ғашық жандарына» деп қашалған тасқа өз сүйіктілеріне сезімін білдіріп, талай ғашық жан өз қолымен «Мен сені сүйемін» деп жазып тастаған. Бұл аллеядағы орындықтардың негізі де жүрек пішінді. Кешкі уақытта аллеяда сүйген жүректерді көптеп кездестіруге болады.
Махаббат көпірі
Алматыдағы ескі алаң саябағында орналасқан махаббат көпірінде кез келген күні қос ғашықтарды көруге болады. Бұл жаққа сүйген жандар арнайы келіп, көпірдің темір тұтқаларына құлып тағып кетеді. Әдетте, демалыс күндері некелерін қиған жас жұбайлар келіп, есімдері қашалған әдемі құлыптарды бекітіп кетеді. Алайда, бұл жаққа құлыпты тек жұптасқан жандар ғана емес, сыйластықтың құрметіне орай, жақсы достар да іліп кетеді екен.
Махаббат ағашы
Алматы қаласының Фурманов көшесінің бойында (Шевченко көшесінің қиылысында) «Махаббат ағашы» өсіп тұр. Кезінде бірге отырғызылған ағаштар қатар өсіп, бұтақтары бір-бірімен бірігіп өсіп кеткен. Тамырлары да ортақ ағаштар бір-біріне ынтызар қыз бен жігітті бейнелейтіндей. Ел аузында бұл ағашты «Қос ғашықтар ағашы», «Махаббат ағашы», «Сүйген жүректер ағашы» деп атап кеткен.
Суреттер: sbs.kz, zona.kz
Ғ. Ұзақ