- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Нью-Йоркқа саяхат (1-бөлім)...
Нью-Йоркқа саяхат (1-бөлім)
Шетелге саяхат десе, көз алдыңызға жердің о шетіне кетіп бара жатқандай, жүктерін артып, қалтасын қомақты қаржымен қампитқан адам көлбеңдей қалады. Дегенмен, атын естігенмен, өмірі топырағын басып көрмеген қиыр елдерге артық жүк, көп қаражатсыз-ақ әдемі саяхаттап келуге әбден болады. Егер сіз туристік саяхатқа қызыққан болсаңыз, еш уайымдамаңыз. Енді біз әр аптада әр қалаға виртуальды саяхат жасайтын боламыз. Туристік саяхатқа шыққыңыз келсе, бізбен бірге болыңыз.
Бұл апталық жаңа саяхатымызды әлемнің алып қаласы - Нью-Йорктан бастайын деп отырмыз. Қалаға бармас бұрын мынадай мәселелерді білуіңіз керек:
1. Ең алдымен виза жасатуыңыз қажет. Виза жасату үшін ең басты қажет болатын құжаттар: елшіліктен алынып, толтырылған анкета мен халықаралық паспорт. Қалған басқа құжаттар сіздің елдегі тұрмыстық жағдайыңызды, туыстық қатынасыңызды, қай күнге ұшақ броньдағаңызды білдірсе жеткілікті. Виза жасатқан уақытта АҚШ елшілігіне барып елшімен әңгімелесуіңіз қажет. Әңгіме барысында елшімен пікірталас жүргізіп, дауыс көтермеңіз. Жай ғана иә, жоқ деп жауап берcеңіз, жеткілікті.
2. Нью-Йорк қаласына бірінші рет және де біраз уақытқа баратын болсаңыз, уақытыңызды дұрыстап жоспарлап алғаныңыз дұрыс. Ал уақытын дұрыс жоспарлай алмайтын адамдар үшін жаман хабарымыз бар, қаланы толық көріп үлгере алмайсыз. Міндетті түрде уақытты бақылайтын сағатыңыз болуы керек. Себебі кез келген мұражайда немесе ойын алаңдарында қызыққа батып қалып қоюыңыз әбден мүмкін. Сағатыңызды жергілікті уақытқа сәйкес түзеп алыңыз. Уақыт айырмашылығына байланысты түскі сағат бірде оянып, еш уайымсыз таңертеңгілік ас ішіп, түскі уақытта үйден шығар болсаңыз, орташа есеппен өте аз жер көресіз. Себебі Нью-Йорк өте үлкен қала, көптеген жоспарыңызға үлгере алмай қалуыңыз мүмкін.
3. Қасыңызда қала туралы көп білетін, пайдалы кеңестер ала алатын бір кісі болса, нұр үстіне нұр болады. Ол кісіден алатын сауда-саттық орындары туралы кеңестер, бір күндік жоспарыңыз үшін пайдалы мағлұматтар, азықтану орындары, дүкен жеңілдіктері, көлік кептерілістері туралы және басқа да мәліметтер сіздің уақытыңызды үнемдейді.
4. Жедел асқа әуестенген АҚШ халқы ыстық тамаққа үйір емес. Сондықтан ыстық тамақпен тамақтанғыңыз келсе, өзіңізбен бірге артық ақша алып жүріңіз.
5. Саяхатқа көп киім алып әуре болмаңыз, босқа жүгіңізді ауырлатасыз. Қалада арзан әрі сапалы киім дүкендері өте көп.
Жоғарыда жазылған әр кеңеске көз салған болсаңыз, онда сіз саяхатқа дайынсыз. Тек қана киімдеріңізді жинастыруды ұмытып кетпеңіз. Ертең жолға шығамыз...