- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Сапарда теңіз ауруына...
Сапарда теңіз ауруына шалдықсаңыз
Ұшақ, пойыз, көлікпен кетіп бара жатқанда жүрегіңіз айнып, қозғалыс кезінде басыңыз айналып, өзіңізді нашар сезінсеңіз сіз «теңіз ауруына» шалдыққансыз. Теңіз ауруы не кинетоз қозғалыс кезінде пайда болатын дерт.
Қозғалыс кезінде адам ағзасы тербеледі. Сол кезде иммунитеті төмен жандардың басы айналып, жүрегі айниды. Мұндай жандар саяхаттауды былай қойғанда тіпті, саябақтардағы аттракцион қызығын көре алмайды. Ұзақ жолға шыдай алмайды. Қайта-қайта құсып, басы айналып, әлсіздік танытады.
Әуелгі бастан, бұл ауруға теңіз саяхатшылары кенелген. Су үстіндегі қозғалысқа шыдай алмай олар өздерін нашар сезінген. Сондықтан да, оны «теңіз ауруы» деп атап кеткен. Қан аздығы, қан қысымының жоғары я төмен болуы, ағзадағы йод, кальций, калий элементтерінің қажетті мөлшерден төмен болуы теңіз ауруына әкеп соғады. Теңіз ауруына ер азаматтарға қарағанда нәзік жандылар көбірек душар болады екен. Сондай-ақ, 4-12 жастағы балалар теңіз ауруынан зардап шегеді.
Егер де кезекті демалысыңызды шетелде өткізуді жоспарлап, бірақ та алыс жолға қалай төтеп бере алатыңызды білмесеңіз, берер кеңесімізге назар аударыңыз.
- Әуелі барар елдің ауа-райын біліп, алдын ала қажетті киімдермен қатар, шабаданға жылы көрпеше я қалың жемпір не күртеше салып алыңыз. Егер де жолда өзіңізді нашар сезініп, аяқ-қолыңыз тартылса, жылы көрпемен оранып алыңыз.
- Пойызға мінсеңіз, астыңғы полкадағы орынға жайғасыңыз. Ұшақта болсаңыз, мүмкіндігінше, алдыңғы я ортаңғы қатардан орын алыңыз. Терезе жанында жайғасудың еш қажеті жоқ. Автокөлікке мінсеңіз, алдыңғы орынға отырғаныңыз абзал. Су көлігі болса, жоғары палубаның ортаңғы жағындағы орындарды таңдаңыз.
- Сапар кезінде басыңыз айналса, алысқа қарап, көзіңізді ашып-жұмып жаттығу жасаңыз.
- Жол алдында көп мөлшерде тамақтанудың қажеті жоқ. Майлы әрі қуырылған тағамдардан аулақ болыңыз. Сапар алдында жидектерден дәм татқан жөн.
- Сапар кезінде алкогольді ішімдіктер мен газдалған сусындарды пайдаланбаған жөн. Орнына жеміс-жидек шырынын, минералды су, ыстық шәй не кофе ішіңіз.
- Жолға шыққанда жайлы киім киген абзал.
- Өзіңізбен бірге дәрі-дәрмек салынған қобдишаны алуды ұмытпаңыз.
- Қалтаңызда тәтті кәмпит, шәрбет салып алыңыз, өзіңізді нашар сезінген бойда оларды пайдаланыңыз. Сондай-ақ, сөмкеңізге жемістерден алма, апельсин, банан, көкөністерден қызанақ, сәбіз, қияр салып алыңыз.
- Сапар кезінде аяқ-қолыңызды уқалап, ары-бері жүріңіз. Көп қимылдаңыз, кітап оқып, баяу музыка тыңдаңыз.
- Өзіңізбен бірге пластикалық дорба я қағаз пакет алып алыңыз, жүрек айныған кезде қажет болады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: mamka.ru, great.az
Ғ. Ұзақ