- Негізгі бет
- Аспаздық
- Жидектерден дәм татыңыз...
Жидектерден дәм татыңыз
Жаз мезгілі иммунитетті жоғарылатып, дәрумендерді молынан пайдаланатын науқан. Бұл кезеңде дәрумендерге бай жеміс-жидектердің піседі. Сондықтан ас мәзіріне жеміс-жидектерді енгізіп, күнделікті пайдаланған жөн.
Құлпынай. Жаз мезгілінің басында және соңында пісетін тәтті жидек құрамында калий, кальций, фосфор, натрий, пектин, эфир майлары және С дәрумені бар. Құлпынай ағзадағы ас қорыту жүйесін жақсартып, ішек шырышының қабынуынан сақтайды. Сіңір тартылу, қан аздығы, жүйке жүйесі мен онкологиялық аурулардың алдын алады. Ми жұмысы мен есте сақтау қабілетін жақсартып, ағзадағы қан қысымын бір қалыпты ұстап, тұз мөлшерінің тепе-теңдігін сақтайды. Алайда, аллергиясы бар жандар құлпынайды пайдаланбағаны абзал. Тістерім маржандай аппақ болсын десеңіз, құлпынайдан дәм татыңыз.
Орман бүлдіргені. Бұл жидектің өзі ғана емес, жапырақтары да пайдалы. Ертеде бүлдірген жапырақтарын кептіріп, кейін қайнатып ішкен. Осылай өт пен бауыр ауруларынан арылған. Сондай-ақ, бүлдірген жапырақтарынан қайнатылған шәй ағзадағы зиянды қалдықтарды шығарып, ішкі құрылысты тазалайды. Ал пайдалы микроэлементтерге бай бүлдіргеннің өзі асқазан ауруларына қарсы тұрады.
Таңқурай жидектердің ішіндегі пайдалы элементтерге ең толы жидек. Құрамында А, Е, С, РР, В2 дәрумендері, мыс, салицил қышқылы бар. Таңқурай, әсіресе, аяғы ауыр және емізетін әйелдерге пайдалы. Йод жетіспеушілігімен зардап шегетіндерге диетолог мамандар күніне 1 кесе таңқурай жеу керек деп кеңес береді. Жүрек, өкпе, қан диабеті ауруларға қажетті ем бола алады. Сондай-ақ, терінің түр-түсін жақсартып, денеде ісіктің жойылуына жол ашады.
Қара бүлдірген (ежевика). Құрамында С, Е дәрумендері, глюкоза, фруктоза, каротин бар жидек гинекологиялық аурулардың алдын алады. Бұлшықет, буын, өкпе қабынуынан сақтайды. Қара бүлдірген ішек инфекцияларының асқынуына жол бермейді.
Қарлыған (крыжовник). Құрамында магний, фруктоза, калий, кальций, В, С дәрумендері бар жидек қан қысымының төмендеуіне, ағзадағы қан айналымының жақсаруына, іштің қатпауына ықпал етеді. Қарлығанды зиянды қалдықтармен жұмыс істейтін, экологиясы нашар аймақтарда тұратын жандар тұрақты пайдалану керек. Себебі, бұл жидек ағзаны уландырғыш заттардың түсуінен сақтайды.
Қара қарақат. Ағзаны суық тиюден, жөтелден, дене қызуынан сақтайды. С дәрумені, калий, кальций, каротин, магний, фосфор бар жидек дисбактериоз, геморрой, іш қату, диабет, онкологиялық және жүрек тамыр ауруларының алдын алады.
Қызыл қарақат. Бұл жидек қара қарақатта бар пайдалы элементтерге толы. Сондай-қа, А дәрумен бар. Иммунитетті күшейтіп, ағзадағы зиянды қалдықтардан арылуға жол береді.
Қаражидек (черника). В, С, Р дәрумендеріне, мыс, магний элементтеріне толы жидек көзге пайдалы. Көз торын қатайтып, қызарудан сақтайды. Түрлі бактериялар пайда болуы мен олардың қабынуынан сақтайды.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: fruit.fm
Ғ. Ұзақ