- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Азия ойындарының...
Инчхон-2014. Азия ойындарының алтынына 10 мың доллар беріледі
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін ХVІІ жазғы Азия ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларға берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері белгілі болды. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ресми түрде мәлімдеді.
Атап айтқанда, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды.
Елсияр Баймұхамедұлы бұл тек мемлекеттік сыйақы екендігін айтып өтті. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Спорт және дене шынықтыру агенттігі таратқан ақпарат бойынша, алдағы Азия ойындары барысында Қазақстан спортшыларының алдына жалпыкомандалық есепте 4-орынды иелену міндеті қойылып отыр. 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында отандастарымыз 18 алтын, 23 күміс, 38 қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте 5-орыннан көрінген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, 19 қыркүйек пен 4 қазан күндері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады. ХVІІ жазғы Азия ойындарында біздің елден 420 спортшы (ер – 207, әйел – 213) қатысып, 39 спорт түрінен сынға түседі. Азия ойындары KazSport телеарнасы арқылы таратылады.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Vesti.kz
Н. Айдархан