- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Азия ойындарында...
Инчхон-2014. Азия ойындарында Қазақстан туын Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады
19 қыркүйек пен 4 қазан күндері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығатын болды. Бұл туралы Ұлттық штаттық командалар баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Тengrinews.kz тілшісі хабарлады.
12 қыркүйек күні Алматыда спортшыға Қазақстан Туы салтанатты түрде табысталады. Биыл өтетін Азия ойындарында Қазақстан атынан 420 спортшы спорттың 39 түрінен сынға түспек. Олардың арасында әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері, Лондон Олимпиадасының чемпиондары Ольга Рыпакова мен Зүлфия Чиншанло бар.
2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 18 алтын еншілеп, командалық есепте бесінші орынға тұрақтаған болатын. Ол жолы ашылу салтанатында Қазақстан туын Серік Сәпиев ұстап шыққан еді.
Естеріңізге сала кетсек, Әділбек Ниязымбетов Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанып, Лондон Олимпиадасында жүлделі екінші орыннан көрінген болатын.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Тengrinews.kz
Ш. Талап