Шүменов vs Хопкинс. Шүменов үшін ең ауыр кездесу болмақ

Шүменов vs Хопкинс. Шүменов үшін ең ауыр кездесу болмақ

Жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 30 жасар қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов пен 49 жасар америкалық Бернард Хопкинстің кездесетінін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Бейбіт Шүменов болса бұл кездесуді өз мансабындағы ең ауыры болады деп болжам жасап отыр.  

Бұл жекпе-жек 19 сәуір күні Вашингтонда өтетіні белгілі. Осыған дейін бұл бокс кеші Нью-Йорктің Бруклин ауданында орналасқан 19 мыңдық Barclays Center аренада өтеді деп айтылған болатын.  

Шүменовтің сөзінше, Хопкинс бокс тарихындағы ең атақты чемпиондардың бірі, сондай-ақ ол осыған дейін оның деңгейіндегі боксшымен кездеспеген. «Бернардпен кездесетінімді білген күннен бастап әр күнімді оның жекпе-жектерін терең зерттеумен өткізіп келемін. Оның әр кездесуін тамашалаған сайын, өзіме бір жаңалық ашамын. Хопкинспен жұдырықтасқан кезде одан кез-келген нәрсені күтуге болады. Сондықтан маған барлық жағынан дайын болу керек»,-дейді қазақстандық боксшы.

Сондай-ақ Шүменов Вашингтонда ешқашан болмағанын, ал қазіргі кезде тек Хопкинске қарсы кездесуге қызу дайындалып жатқанын да айта кетті. «Мен кезекті қарсыласым бокс тарихындағы атышулы спортшының болғанына қатты қуаныштымын. Кездесудің АҚШ астанасында өтетіні де мен үшін үлкен мәртебе»,-деп хабарлайды қазақстандық боксшының сөзіне сілтеме жасаған The Ring порталы.

Естеріңізге сала кетсек, Шүменов соңғы кездесуінде словак Тамаш Ковачты үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Ал Хопкинс болса, 26 қазанда неміс Каро Муратты ұпай санымен ұтып, IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы деген атағын қорғап қала алды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: kazsportagent.yvision.kz

 

Б. Қосмағамбет