Допинг дауы айыппұлмен аяқталды

Допинг дауы айыппұлмен аяқталды

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан құрамасына $ 500 000 доллар айыппұл салды. Бұл туралы washingtonpost.com басылымы сайтында хабарлап отыр.

Осыған дейін қазақстандық тоғыз спортшы допинг қолданды деген айып тағылып, екі жыл спорттан шеттетілгенін хабарлаған болатынбыз. Осының салдарынан халықаралық ауыр атлетика федерациясы біздің ұйымды осылай жазалап отыр. Егер Қазақстан ауыр атлетика федерациясы аталған көлемдегі айыппұлды алты ай көлемінде төлей алмаса, төрт жылға еліміздің зілтеміршілері халықаралық жарыстардан  шеттетілетін болады. Төрт жыл жарысқа қатыспасақ, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да баруға жол ашылмайтыны анық. Сонымен қатар 2014 жылғы ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының Астанада өтпей қалу қаупі де жоқ емес.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы 2013 жылы допинг қолданған спортшылардың тізімін сайтында жариялаған болатын. Тізімге 9 қазақстандық зілтемірші ілінген еді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай