Кәсіпқой бокста ел намысын кімдер қорғап жүр?

Кәсіпқой бокста ел намысын кімдер қорғап жүр?

Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыз саусақпен санарлық қана. Соның ішінде кәсіпқой бокста. Бүгінде осы сында әлемге танылып келе жатқан боксшыларымыздың бірі де бірегейі – Геннадий Головкин.

Өткен айда Дэниэл Гилді тізе бүктірген жерлесіміз Қазақстан абыройын тағы бір асқақтатты десек қателеспейміз. Қазіргі таңда GGG жекпе-жегінің мәнері әлемде сан қырынан талқылануда. Жаңа құбылыс ретінде танып жатқандары да бар. Жылдың басында төрт кездесу өткізуді жоспарлаған боксшымыз оның екеуін абыроймен жеңіп шықты. Келесі жекпе-жегін 18 қазанда мексикалық Марк Антонио Рубиоға қарсы өткізуді жоспарлап отыр. Осы орайда біз сіздермен Геннадий Головкиннен өзге кәсіпқой бокста жүрген боксшыларымыз туралы ой бөліспекпіз.

Өткен жылы кәсіпқой бокстағы дәрежелер бойынша еліміздің екі боксшысында әлем чемпионы атағы болды. Оның бірі – Геннадий Головкин болса, бірі – Бейбіт Шүменов еді. Соңғысы сәуір айында америкалық Бернард Хопкинске қарсы кездесу өткізіп атағынан айырылып қалды. Осы жеңілістен кейін қазақстандық боксшы өзіне аздап демалыс жариялайтынын мәлімдеді. Ауыр салмаққа ауысқаннан кейін (90,7 келі) Бейбіт кубалық бапкер Исмаэл Саласпен жаттығуларын жалғастырғалы отыр. Бұл маман әйгілі Юриоркис Гамбоа, Гильермо Ригондо, Джесси Варгас пен Дэнни Грин секілді былғары қолғап шеберлерін баптаған. Жаттықтырып та жүр. Ал отандасымыздың өзі болса жыл соңында рингке қайта оралуды жоспарлап отыр.

- Мен осы салмақ дәрежесінде әлемнің абсолютті чемпионы атанғым келеді. Жоғарғы жетістіктерге жету үшін,  ең үздіктермен жұдырықтасуым тиіс. Мен бұған толықтай дайынмын, - деді.

2004 жылы Афина Олимпиадасында поляк Алексей Кузимскийді жеңгеннен кейін, қолын сындырып алған Бейбіт үшін жарыс ерте аяқталды. Одан кейін шымкенттік боксшыны рингтен көп уақытқа дейін көре алмадық. Тек, 2007 жылдың қараша айында кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын бастады. Жеңісті жалғаған боксшымыз төртінші кездесуінен кейін-ақ Азияның WBC жүйесіндегі чемпионы атағына қол жеткізді. 2013 жылдың қазан айында «суперчемпион» атағын иеленді. Бірақ, соңғы жекпе-жегінде шау тартқан Бернард Бейбіттен басым түсіп, бар атағынан айырды. 7 жылдың ішінде 16 кездесу өткізген жерлесіміз 14-інде жеңіске жетіп, 2-еуін ғана жеңіліспен аяқтады. 9-ында қарсыласын нокаутқа жіберген.

Келер жылы ердің жасы елуге келетін Бернардтан жеңілгеннен Бейбіттің тауы шағылды деп айта алмаймыз. Боксшымыз жаңа деммен кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыруға белді бекем буып отыр. Кәсіпқой бокста қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионына жаңа салмақ дәрежесінде жарқын жеңістерге жетуіне тілектеспіз.

Қазіргі таңда да кәсіпқой бокстағы дәрежелер бойынша екі боксшымызда әлем чемпионы атағы бар. GGG өз атағын қорғап келе жатса, Бейбіт Шүменов атағынан айырылған сәуір айында Жанат Жақиянов жеңіл салмақта немесе «қораздар» салмағында ЕBU жүйесі бойынша Еуропа чемпионы атанды. Англия жерінде француз Карим Гуэрфиді бесінші раундта жер жастандырған жерлесіміз жарқын жетістігінің бірін бағындырды. Осыдан кейін Жанат Халықаралық бокс федерациясының (IBF) жеңіл салмақтағы (53,5 келі) он үздік боксшысының құрамына кірді.

30 жастағы Жанат Жақиянов ағылшындық «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалауда. Танымал тұлғаның ойы еуропалық басылымдарда да жарияланды. Отандасымыз келесі жекпе-жегінде чемпиондық атағын 10 қыркүйек күні Беларусь астанасы Минскіде қорғайды. Бұл жұдырықтасу Жанаттың кәсіпқой бокстағы 23-ші кездесуі болмақ. Ол осыған дейінгі 22 кездесуінің біреуінде ғана жеңіліс тапқан болатын.

Жанат жаттығу сәтінде

Жанат Жақиянов осыған дейін Минскіде екі кездесу өткізіп үлгерген. Екеуінде де жеңіске жеткен-ді. 10 қыркүйек күні алғаш рет чемпиондық атағын қорғайтын жерлесімізге сәттілік тілейміз. Бірақ, әлі отандасымыздың қарсыласы анықталған жоқ.

Кәсіпқой бокста абыройымызды асқақтатып жүрген тағы бір боксшымыз болса, ол – Қанат Ислам. Жақында ғана Колумбияның Барранкилья қаласында өткен шаршы алаңдағы жекпе-жекте жерлесіміз жергілікті боксшы Фидель Монтерросаны бесінші раундта нокаутқа жіберді. Осылайша кәсіпқой бокстағы 18-ші кездесуін өткізген отандасымыз барлығында да жеңіске жетті. Оның 15-інде қарсыласын нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқтаған.

Қанат Ислам сол жеңісінен кейін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) жаңа рейтингінде көтерілетіні белгілі. Одан кейін жерлесімізге чемпиондық атақ сарапқа салынатын кездесулер өткізуге мүмкіндік тумақ. Боксшының өзі де осы жылы чемпиондық атаққа таласатын жекпе-жек өткізуге ниеттеніп отыр.

Қанат Ислам 1984 жылы 13 қыркүйекте Қытайда дүниеге келген. 2010 жылы ол Қазақстанға қоныс аударды. Кейбір деректер бойынша, ол қазір Алматы облысының Қарасай ауданында тұрып жатыр.

Фидель Монтерросаға қарсы Қанаттың жекпе-жегі

Бұған дейін Қанат әуесқой бокста Қытай атынан Бейжің Олимпиадасына қатысып, қола медаль алған еді. Елге оралған соң WSB сериясында өнер көрсететін елордалық "Астана арландары" командасының намысын қорғады. Ал кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысты. Бүгінде боксшы АҚШ-тың Флорида штатындағы Pahokee базасында дайындалып жүр. Келесі кездесуін қашан өткізетіні әзірге белгісіз.

Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Иса Ақбербаев та еліміздің атын талай байрақты жекпе-жектерде танытып келеді. Қазіргі таңда жерлесіміздің IBO Intercontinental жүйесі бойынша чемпиондық атағы бар. Соңғы жекпе-жегін Ресейде кениялық Моррис Околоға қарсы өткізіп, мезгілінен бұрын жеңіске жетті.

Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын 2009 жылы бастаған. 5 жыл көлемінде 12 жекпе-жек өткізген жерлесіміз әзірге қарсыластарынан опық жеп көрген жоқ. Бір кездесуі жоспарланып өтпей қалған. Жылдамдығы және ширақ қимылдарымен ерекшеленетін отандасымыз әлі кәсіпқой бокста жарқын жетістіктерін бағындырады деп сенеміз. Иса мен Геннадий Головкин жақын достар да.


Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыздың бірі – Жанқош Тұраров. 27 шілде күні кезекті кездесуін өткізген жерлесіміз орта салмақтағы Латын Америка құрлығының WBA жүйесі бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. Осыған дейін 16 жекпе-жек өткізген жерлесіміз әзірге жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Жанқош ережесіз жекпе-жектен еліміздің танымал спортшысы Ардақ Назаров басқаратын «Alem fighters team» командасымен жаттығу жұмыстарын өткізіп жүр.

Өткен жылы Жанқошты тағы бір кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген жерлесіміз Роман Жайлауов жекпе-жекке шақырған болатын. Өз кезегінде Жанқош да жақсы жауап қайтарған-ды.

- Алдымен сен өз салмағыңда, мен өз салмағымда чемпион атанайық. Сосын барып, өзара чемпионнның кім екенін анықтармыз. Онсыз да кәсіпқой бокста қазақстандық боксшылар аз. Жан-жағымызда өзге қарсыластар толып тұрғанда бір-бірімізбен жұдырықтасып қайтеміз, - деген еді.

 

Жанқоштың соңғы өткізген жекпе-жегінен көріністер

Расында да кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыз саусақпен санарлық қана. Олардың арасындағы ең жасы – жаңа айтып кеткен Роман Жайлауов. Жиырма жастағы жерлесіміз WBC Asia тұжырымындағы аймақтық чемпион атағына ие. Ал менеджері – әкесі Ерік Жайлауов. Осыған дейін талантты қазақ боксшысына ағайынды Кличколардың промоутерлік компаниясынан да ұсыныстар түскен. Роман бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) ақпан айындағы рейтингінде үздік 15 боксшының қатарына да енген болатын. Қазіргі таңда бұл орыннан төмен сырғыған. Алдағы уақытта жартылай орта салмақта (66,7 келі) бақ сынайтын жерлесіміз еліміздің абыройын әлемдік аренада асқақтатады деген сенімдеміз.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпқой бокс жылдам дамып кетті деп айта алмаймыз. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Азиядағы аймақтық жарыстарда чемпион атанғанымен, танылуларына жол ашылмады. Отандастарымыздың арасында ең алғаш болып бұл жолға белді бекем буа кіріскен Василий Жиров болды. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада чемпион атанып, «Баркер» кубогын иеленген жерлесіміз араға бір жыл сала кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын бастады. Үш жылдан кейін бірінші ауыр салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 1999-2002 жылдар аралығында ол сол атағын алты рет сәтті қорғады. 2003 жылы америкалық Джеймс Тоуниден ұпай санымен ұтылғаннан кейін Василий Жиров аса ауыр салмаққа ауысты. Бұл салмақ дәрежесінде жерлесіміздің жолы болмады. Нәтижесінде 2009 жылы үлкен бокспен қош айтысты.

Одан кейінгі кезекте Марат Мәзімбаев кәсіпқой бокста абыройымызды асқақтатты. IBA тұжырымы бойынша әйгілі колумбиялық Луис Дорианы тізерлетіп, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде чемпион атанғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Бокс аренасында қазақ атын танытқан Маратты жанкүйерлер «снайпер» деп те атап кетті. Оның бүйірден жасайтын жойқын әрі жылдам соққылары қарсыласының мысын әп сәтте-ақ басып тастайтын. Кейіннен спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін боксшы «Снайпер» спорт клубын ашып, жас таланттарды дайындауға кірісті. Өткен жылы бокс қолғабын шегеге ілген Виталий Демьяненко да кәсіпқой бокста 19 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. Тек чемпиондық атақтарға қол соза алмады.

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген, қорғап кеткен боксшыларымыз жайлы аз-кем әңгіме қозғадық. Еліміздің Әнұранын шарықтатып, көк Туымызды биікте қалықтатып жүрген спорт түрінің кәсіпқой деңгейдегі де алар асуы мен басар белесі әлі алда. Қазақтың қайсар ұлдары әуесқой бокс шаршы алаңдарында ғана әлемді мойындатпай, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатарына сеніммен қараймыз.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vk.com, sports.kz,facebook.com

О. Сансызбай