Головкин мексикалық боксшымен жұдырықтасатын болды

Головкин мексикалық боксшымен жұдырықтасатын болды

Орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарындағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин 18 қазанға жоспарлаған кездесуін мексикалық Марко Антонио Рубиомен өткізетін болды. Екі жақ промеутерлері келісімге келді.

Кәсіпқой бокстағы 31-ші жекпе-жегін жерлесіміз Лос-Анджелесте өткізеді. Ал тікелей эфирде әйгілі «НВО» телеарнасы жұдырықтасуды әлемге таратады. Осы жылы төрт кездесу өткізуді жоспарлап отырған Геннадий осылайша үшінші қарсыласын да анықтады. Осыған дейін ганалық Осуман Адама мен аустралиялық Дэниэл Гилді айқын басымдықпен жеңген болатын.

Мексикалық боксшы қазіргі таңда орта салмақта WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің уақытша иегері саналады. Соңғы кездесуін сәуір айында италиялық Доменико Спадаға қарсы өткізіп, мезгілінен бұрын жеңіске жеткен. 34 жастағы боксшы 2000 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Осы аралықта 62 жекпе-жек өткізіп, 55-інде жеңіске жеткен. 6 кездесуінде жеңіліс тапса, 1 жұдырықтасуын тең аяқтапты. 55 жеңісінің 48-інде қарсыласын нокаутқа жіберген.

Негізінен Геннадий Головкин мен Марк Антонио Рубио арасындағы жекпе-жек 2010 жылдан бері айтылып келген еді. Ақыры қос боксшы рингте жолығатын болды. GGG қарсыласы әлден-ақ жерлесімізге «мексикалық стильдегі» боксты танытатынын айтып отыр. Сонымен қатар, спорттық мансабындағы танымал қарсылас екенін де жасырмады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Геннадий Головкин Bleacherreport.com порталы жариялаған  "2014 жылдың үздік боксшысы" атағына үміткерлер қатарынан да табылған болатын.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: zakon.kz

Ө. Сансызбай