Илья Ильин Денис Улановқа қолдау көрсетті

Илья Ильин Денис Улановқа қолдау көрсетті
Фото: Изтурган Алдауев

Қазақстандық танымал ауыр атлет Илья Ильин Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 85 келіге дейінгі салмақтағы спортшылардың тартысын тамашалады. Тамашалап қана қоймай, отандасымыз Денис Улановқа қолдау көрсетті.

Илья Ильин жанкүйерлік танытқан жарыста Денис Уланов төртінші орынды қанағат тұтты. Қол созымда тұрған қола медаль румын спортшысы Габриэль Синкраянға бұйырды. Оның Денистен салмағы жеңіл болып шықты.

Айта кетейік, Риодағы жазғы Олимпиада алдында допинг дауына іліккен Илья Ильин төртжылдықтың басты додасынан шеттетілген болатын. Ол енді командаластарына қолдау білдіріп, жанкүйерлік таныту үшін барды. 15 тамызда жарыс жолына шығатын Александр Зайчиковке де қолдау көрсететін болады.  

О. Сансызбай