Түлектің түлекке тілегі

Түлектің түлекке тілегі
Фото: karaganda-region.gov.kz

Белес. Расында біздердің әрбір жетістігіміз – бағындырар белесіміз ғой. Сондай бір жетер жетістік атаулының бір түрі түлектерге тән. Ол – грант. Барлығымыз білеміз, кейбіріміз осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзгеруіне келіспейміз, ренжіп те жатырмыз. Расында, бірнеше жыл сыналған тест жүйесі өзгеріп, жаңа нұсқасы неліктен 2017 жылға тап келді екен? Міне, дәл осы сұрақ барша ұстаздар қауымын, оқушыларды және ата-аналарды мазалап жүр...

Өзім дәл осы жылы бала шағымнан болашағыма жолдама алатын түлекпін. Әрине, бұл өзгерістер мені де сергелдеңге салды. Сыныптастарыммен, ұстаздарымызбен бірге осы жаңалықты ұзақ талқылағанбыз. Бұрынғыдай тек бес пәннің жетегіндегі жиырма бес сұрақ емес, екі кезеңге бөлінген, аттестат алу үшін, мемлекеттік мектеп бітіру емтиханы және жоғарғы оқу орнына түсу үшін ҰБТ-дан өтеміз. Оқу орнына түсу – бұрынғыдан екі есе қиын, бірақ білімді жандарға бұл қиындық тудырмайды, себебі барлығы оқу бағдарламасындағы ақпарат.

Жаңа жүйенің жаңалығы – ой-өрісті, тәжірибелік қабілетті, есеп шығару деңгейін, есте сақтау қабілетін сынайды. Менің ойымша, бұл жаттанды тест кітапшаларымен дайындалғанға қарағанда мың есе артық, себебі бітіруші түлек тарихын миға сақтап қана қоймай, емтиханда комиссия мүшелеріне тарих толқынын ауызша баяндайды, карта жөнінен географиялық сауаттылығын көрсетеді. Қазақ тілі, математика пәндерінен де осы жағдай. Жоғары оқу орнына түсерде таңдау пәніне байланысты бейіндік пәнді бірден меңгеріп барамыз, физика пәніне қарасты математика, әдебиетке тарих және ағылшын пәні, биологияға қатысты химия. Барлық пәнді жетік меңгеруіміз шарт.

Бұл менің қысқаша шолуым. Жаңа жүйе қиын емес, бұл біздің психологиялық тұрғыдағы қорқынышымыз ғана және оны жеңе білуіміз керек, алға ұмтылуымыз қажет. Бұл бізге берілген тағдыр сыны емес, жай ғана заманымыздың талабы. Көш алға жылжуы тиіс, қазір жастар білімді әрі зияткер, сондықтан оларға қойылар талап та қатаң. Болашақ біздің қолымызда, біз ұшталып еңбектенген сайын, келешегіміз кемелдене түседі. 2017 жылы бітіретін түлектер жаңа бастау болады, ал жаңалық тек жақсыларға тән.

Құрметті түлектер, құрдастар, сіздерге сәттілік тілеймін, биік белеске шығып, грантқа қол жеткізіп, мықты мамандық иесі атануларыңызға шын жүректен тілектеспін!

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы 
Әйтеке би кенті, №249 мектеп-лицейдің 
11-сынып оқушысы Темірбай Әсем

Г. Берік