Естелік (әңгіме)

Естелік (әңгіме)
Фото: Massaget.kz

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Қалжапбарова Мөлдір Ғалымжанқызының туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Естелік

(әңгіме)

Көктем мезгілі болса да дала қара суық. Жер бауырлай көшкен сұрықсыз қара бұлттар қыстың соңғы күндерінен бері қатыгездік жайлаған жер бетіне шуақты күннің нұрлы шапағатын көрсеткісі келмегендей, аспанды тұтас жауып, жер бетіне үрейлене төніп тұр. Кең даланың көрінісі тым жадау, аянышты.

Қыс бойы үйден шықпай асық ойнауды, доп тебуді сағынған балалар көктем айының қара суығына қарамай, күн қарауытқанша жүгіріп, сілелеп үйге қайтушы еді. Сол балалармен бірге мен де шаршап-шалдығып үйге қарай әрең жақындап келемін. Балалармен ойнап жүргендегі қызықтарды айтып, үйге қалай жеткенімді байқамай да қалдым. Сыртқы есікті ашып ішке кірсем, есік алдында күндегідей иығына шапанын жауып, байсалды жүзімен алысқа қарап үнсіз отырған атамды көрдім. Мені көрген атам:

— Нүкентай, қайдан келесің?

— Ата, доп ойнап келемін, - деп атамның қасына жүгіріп келіп отыра кеттім. Атам басымнан сипап:

— Қарағым-ау, кешке дейін доп қуалаймын деп шаршамадың ба? – деп маңдайымнан иіскелеп қойды.

— Шаршамадым, ата! – деп атамның алақанын кішкентай қолдарыммен ұстап еркелей отырдым.

Атамның қолында үлкен сүйек томпиып тұрушы еді. Бала емеспін бе, бірден назарым атамның қолына ауып:

— Ата, мына сүйек қайдан пайда болған? – деп өз қолыммен салыстырып қоямын. Атам болса:

— Ә, балам, бұл - томпиған сүйек өткен күндерден естелік, - деп қырау түскен сақалын, әжім басқан қолдарымен сипап, байыппен мағана қарап қойды.

— Өткен күндердерден естелік дейсіз бе? Әдетте, естелікті заттай бермеуші ме еді? - деп таңырқай қарағанымды сезген атам.

— Мына атаң көп қиыншылықты басынан өткерді. Біз де өзің сияқты бала болып, ат үстінде ойнап ер жеттік. Балалық арманым асқақ болатын, оқу оқып, білім алып еліме пайдам тиетін азамат болсам деп едім. Бірақ... Қап әттеген-ай, арманымның бәрі іште кеткені.

— Оқуға түсе алмай қалдыңыз ба?

— Оқуға түстім, бірақ бітіре алмадым.

— Неге оқуыңызды аяқтай алмадыңыз?

— Студент атанып, білім алып, достармен бірге жастықтың естен кетпес бал күндері өтіп жатты. Әлі есімде мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы маусым айының жиырма екінші жұлдызы күні бейбіт жатқан елге тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасап соғыс ашты. Фашист әскерлерінен Отанды қорғау үшін жолдастарымның өздері сұранып, майданға аттанып кетті. Солармен бірге мен де майданға соғысуға аттандым. Соғыста ауыр жарақат алдым. Мына  томпиған сүйек оқтың орны,  деп атам қолын көрсетіп қойды.

— Ата, «соғыс» деген не?  деп едім атам ішінен:

 Бомба... Жарылыс... Атыс... Қан... Көз жасы... Өлім... Жауыздық... Қорқыныш...,  деп күбірледі де  Осы сөздерді айтқанда денем түршігеді, себебі бұлар  соғыс көріністері. Соғыстың адамзат баласына әкелген қайғы-қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сұм соғыстың кесірінен қаншама адам қаза тауып, бейкүнә сәбилер жетім қалды.

 Сонда мен сияқты балалар жетім қалып, доп қуып ойнай алмады ма?

 Иә, балам, сұм соғыс қаншама баланы балғын балалық шағынан айырды. Бала болып, ойнай алмады, бала болып қырда көбелек қуған жоқ. Көз жасын көлдетіп, хабарсыз соғысқа кеткен ұлының жолын тосумен байғұс ана қаншама таң атқызды. Келіншектер соғысқа кеткен жарларын күтумен түндерін ұйқысыз өткізді. Ер азаматтар соғысқа аттанарда жарының құрсағында нәрестелер қалды. Сол нәрестелер жарық дүниеге келіп, әке құшағын сезінбеді. Әке жолын тосумен ер жетті,  деп атам көзіне жас алды да мені бауырына басты. Атамның мұңға толы, сыр бүгіп жатқан бейнесін көріп, мен де жылап жібердім. Мені жұбатқан болып атам:

 Балам, неге жылайсың? Кешегі сұрапыл аламанда кеудесімен Мәскеуді қорғаған қаһарман Бауыржанның, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжандай аталарыңның ұрпағысың, көз жасыңды көрсетпе, батыл бол, балам,  деп мені жігерлендірді. Бала емеспін бе? Атамның сөзіне тез көніп:

 Ата, мен де батыр боламын. Елімді жаудан қорғаймын,  деп атамның таяғын мылтық етіп, өзімді жауынгер сезіндім.

 Қой, балам, соғыс деген сұм ажалдың аты өшсін. Онсыз да төгілген қан аз болмады. Сендер  бейбіт елдің ұланысыңдар,  деп қолымнан таяғын алып қойды.

Отанға деген сезім санада серпіліс туғызып, жүректерде бүршік атады екен. Біз сезінбеген, біз басымыздан өткермеген, біз ашпаған соғыс жайлы құпиялар атамның жүрегінің түбінде сақтаулы жатқандығы жүзінен білініп тұрушы еді. Атаммен сөйлесіп отырып, бойындағы Отанға деген махаббаты менің жүрегімді шымырлатып, жан дүниеме сәуле болып тарады.

— Ата, мен сізді мақтан тұтамын! Сіздің соғыста жасаған ерліктеріңізді ешқашан есімнен шығармаймын, — деп атамның ыстық құшағына тығылып, еркелеп үнсіз отырдым.

Уақыттың адам баласына берері де, алары да көп екен. Арадан бірнеше жыл өтсе де, атамның ыстық құшағы, әжім тартқан жүзі, менің өмірімде ештеңеге алмаспайтындай естеліктердің бірі болып қала бермек. Міне, бүгін де ата-бабасының Отан үшін істеген ерлігі немересіне шамшырақ болып алдына қойған мақсатына жетуге деген сенімділігім арта түсуде.

Фестивальге қатысушы оқырмандар өз туындыларын massagetkz@gmail.com поштасына жолдай алады. 

Қ. Бүйенбай