Сағыныш (әңгіме)

Сағыныш (әңгіме)
Фото: Massaget.kz

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Қалжапбарова Мөлдір Ғалымжанқызының туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Сағыныш

(әңгіме)

Күзгі кеш. Әлсін-әлсін жарқырап тұрған жұлдыздардың қатары көбейіп, түңгі шымылдығын түріп қойып, жердегі қайнап жатқан тіршілікке тамсана қарағандай ай да толысып, бөлмеде жанып тұрған шамдай жер бетіне жарық таратып тұр ашық аспанда.

Айналаға түн өз үстемдігін жүргізгендей қарауытып тұр. Күздің салқын желі талдағы сарғайған жапырақтарды сыңғырлатып, қаңбақтай ұшырып жер бетіне кілем төсейтіндей бірінің үстіне бірін түсіріп жатыр.

Осындай күздің салқын түнінде жиі сыртқа шығып, таза ауада біразға дейін жүріп қайтатын Амантай бүгінде сол әдетіне басып тысқа шығудың ыңғайын жасап үстіне киімдерін кие бастады. Көше бойлап тізілген түнгі жарықтар табиғат көркіне көрік қосып тұрғандай. Амантай қатар тұрған жарықтарға тамсана қарағандай көз алмай отыр. Туған елдің топырағын басқалы бірнеше жылдың жүзі болса да, ажарынан жұртқа деген сағынышы басылмағандай. Қас қарайғаннан бөлмені қымтап алып немесе сыртқа шығып табиғат аясында терең ойлар қойнауына батып, үнсіз отырушы еді. Алыстағы мөлтілдеп тұрған жарықтар, машиналардың зуылдаған дауысы, көше бойлап бара жатқан адамдар, ашық аспанда бағалы тастай жылтылдап тұрған жұлдыздар мен сәуле шашып тұрған айға зейіні ауғаны соншалықты Амантай деп шақырған дауысты естімей қасына еліп түрткенде ғана селт ете есін жиды. Бұрыла қараса көршісі екен.

— Ассалаумағалейкум аға, - деп орнынан атып тұрып амандасты.

— Отыр балам, қалың қалай, үй іші тегіс аман ба?

— Аллаға шүкір, барлығы аман, өзіңіздің денсаулықтарыңыз қалай, кәріліктің ызғары шаршатпай жатыр ма?

— Ей, несін айтасың, «кәрілік» деген жалындаған жастық шақтай болушы ма еді, жарқылдаған қылыштай тиген жерін тіліп өтетін? Жасың барған сайын жалыны сөніп, қызуы әлсіреп, сөнейін деп бара жатқан шоқ тәрізді. Кәріліктің он күнінен жалындап тұрған жастықтың бір күні артық екен, - деп әжім түскен бетін ақырын ғана сипап қойды.

Ерекше күйде отырған Амантай ағасындай болып қалған көршісі Ержанмен сыр бөліскісі келгендей:

— Аға, осы қазақ жері неткен кең-байтақ еді. Ұшса, ұшқан құстың қанаты талардай. Жер жәннаты осы болар, - деп ағасына қарап қалды. Ержан басын төмен иіп ойланғандай болып.

— Сонау батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан ұлан-ғайыр жер қазақтың басына қонған бағы болар. Осы киелі топырақта жанын аямай қан майданда беріспей күні-түні елі үшін, жері үшін соғысқан ата-бабаларымыздың қаны төгілген – қасиетті мекен. Түйе басып өте алмайтын ұшы қиыры жоқ шөл даласы, көкке тірелген таулары мен сарқырап аққан өзендерінен қазақтың жан дүниесі сезілердей. Осынау кең-байтақ, бай жерде ұрпақ тәрбиелеп отырған қазақтың болашағы жарқын болмақ! – деп Амантайға қарағанда жүзінде бір жүдеулік барлығын сезген Ержан:

— Амантай, осы сенің жүзіңде бір сыр бар секілді.

— Шаршаған болармын – деп, өзін алып қашқандай сыңай танытқанымен Ержаннан оңайлықпен құтыла алмасын білген Амантай ішіндегісін айтпасқа басқа шарасы қалмады.

— Аға, өзегімді өртеп бара жатқан қайғымның қайсыбірін айтайын. Мұңға толған жүрегімнің жарасы жеңіл емес. Туған елдің қадір-қасиетін түзге шықпаған қайдан білсін. Сонау жат жұртта қалып қойған ағайын-туыс бауырларым ел аманда ата жұртқа қосыла ма деген ой жатсам да, тұрсам да маза бермей қойғаны, - деп Амантай солыңқы тартқан жүзімен бір күрсініп, сөзін аяқтай бергенде:

— Нағыз ер екенсің, елім, жерім дейтін, – деп арқасын қағып қойып, тағы да сөйлеткісі келгендей ыңғай жасады. Осыны байқаған Амантай шешіле сөйледі.

— Әкеміз Жақып дүниеден өтпей тұрып «Балам, туған еліміздің туы желбіреп ел болды. Маған жаратқанның берген ғұмыры таусылып, кәрілік еркіне бағындырып, өз ізіне салды. Менің көзім тірі тұрғанда ата жұртқа қосыл» деп айтушы еді. Әттең, әкем туған елдің топырағын баса алмай арманда кетті-ау. Кәнекей, жер басып жүргенінде туған елдің дәмін тартар ма еді. Әттең, бұйырмағаны! – деп ішіндегі өзегін өртеп жүрген ойын айтып ағынан жарылды.

Амантайдың қатты күйзелгенін көріп, Ержан медеу болатындай сөз айтқысы кеп:

— Баласы өліп, әкесі қалса арманның іште кеткені. Әкесі өліп, баласы қалса арманның орындалғаны емес пе? Ендіше, Амантай сары уайымға салына берме. Әкеңнің тәні болмаса да рухы жұртқа келгеніңді көріп жай тапқан болар, - деп мұңға батқан Амантайдың жүрек жарасын жазардай жалынды сөздерімен ағалық лебізін білдірді.

Түнгі салқын. Денесіне суық жел тиіп мазасы қаша берген Ержан:

— Амантай, үйге қайтсақ болар.

— Аға біраз отыра тұрайын, – деп Ержанға ермей қалып қойды.

Жат елде жүрген кезіндегі атамекенге деген сағынышы Амантайдың көз алдына елестеді. Сол сағынышы бүгін тағы да бір басылғандай. Үйіне көңілдірек болып қайтқан Амантай келісімен қолына қалам алып ақ қағаздың бетіне:

Талай жылдар өз еліме жат болдым,

Өзге елде елім деумен қарт болдым.

Қасиетті топырағыңды сағынып,

Туған елім бауырыңа кеп қондым, - деп, бір шумақ өлеңді жазып, күздің әсем түнінде тәтті ұйқыға кетті.

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады. 

Қ. Бүйенбай