Есті кісілер қатарында болғыңыз келсе...

Есті кісілер қатарында болғыңыз келсе...
Фото: picsfab.com

«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп жазып еді дана Абай он бесінші қара сөзінде.

Күніне болмаса да, аптасына бір мәрте өзіңізден есеп алып тұратын сұрақтар үлгісі.

1. Не білдім, не түйдім? Сәттілік құпиясы қарапайым – әр күн сайын бір қадам алға басамыз. Бір жылдан соң мақсатыңызға жетесіз не 365 қадам жақындайсыз. Оған тезірек, сәтті, белсенді түрде жету үшін жаңа ақпарат жәрдемдеседі.

2. Осы аптада қандай жетістікке жеттім? Өз жетістігіңізді көрген сайын бойыңызға сенімділік ұялап, өзіңізді бұрынғыдан да жақсы көре түсетін боласыз. Аяқталған іс сізді мықтырақ етеді. Егер нәтижесі болмаса – өзіңізден себебін сұраудың кезі келді. Өзіңізді жетілдіріп жүрсіз бе, кері кетіп жатырсыз ба?

3. Қашан тоқтадым? Уақытымды босқа құртып, қамсыз отырған кезім болды ма? Бұл миллионерлердің де басында болады. Бірақ осыны дер кезінде ескеріп, берекесіз уақытпен күрескендер ғана жеңіске жетеді. Осы аптада істелуі керек қай істі кейінге қалдырдым? Әр нәрсенің өз уақыты бар. Кей істі кейінге қалдыра тұруға да болады, ал кейбірі кейінге қалса, көп нәрседен қол үзіп қаламыз. Мұндай іс әр аптада бар.

4. Кімге көмек көрсете аламын? Біреуге жақсылық жасасаңыз, қайтарымы мың есе болмақ. Оның айтқан алғысының өзі бақытқа жол ашады.

5. Сымбатымды сақтау үшін немесе салауатты өмір салтын ұстану үшін не істедім? Дене қуатқа толы болғанда, күткеніңізден де көп аласыз.

6. Жақын-жуықтарыма қанша уақытымды бөлдім? Бәріміз өзіміз үшін және бізге жақын жандар үшін өмір сүреміз. Ал олармен кемінде күніне бір сағат араласып тұрудан жақсы не бар?

7. Қандай пайдасыз іспен айналыстым? Мүмкін ол істі доғарып, оның орнына уақытты бір мезгіл демалуға арнау керек шығар?

8. Келесі апта менің өмірімнің ең соңғы аптасы болса, не істер едім? Бұл сұрақ өмірдегі ең маңызды істі кейінге қалдырмауға көмектеседі.

Әр аптада осы сұрақтарға шынайы жауап берсеңіз, жаңа мүмкіндіктер мен үміттерге қол жеткізіп отырасыз. Осылайша «ақырын жүріп, анық басып», барар жеріңізге тез жетіп аласыз.

@. @assel_assanova