Ең ерекше кітаптар топтамасы

Ең ерекше кітаптар топтамасы
Фото: little-thing.ru

Әр кезең оқушыларға рухани азық беріп қана қоймай, таңқалдырып та отырған. Барлық кітап мұқаба мен парақтардан және кестелер мен суреттерден ғана құралады деп ойлайсыз ба? Қателесесіз.

Кіп-кішкентай дөңгелек кітапша (1480 жылы)

Суреттермен көмкерілген әрі қолдан жасалған бұл шағын кітапша көрген жанның көзіне қуаныш ұялатады. Оған кішкентай көлемі мен жұмырлығын қосыңыз. Кітапшаның диаметрі тоғыз сантиметрден аспайды, 266 бетті құрайды. Әсер етті ме? Шағын шедеврдің корешогінің ұзындығы небары үш сантиметр, әдемі ілмекпен жабылады. Бельгиялық белгісіз суретші барлығын тамаша әрлегенімен қоймай, латын және француз тіліндегі бұл кітаптың әр бөлім басына 30 бас әріп қосқан.

Белбеулік кітап (1589 жылы)

100 жыл өткен соң белбеуге не белдікке тағып жүруге өте ыңғайлы, шағын форматтағы мынадай кітап дүниеге келді. Кітап мықынға түйіншекпен жалғанып, аяқтың жоғары тұсына ілінді. Адам оны шешпей-ақ, тұрған қалпында, кез-келген шартта оқи беретін мүмкіндік жасалған. Нағыз кітапсүйердің арманы.

Екі жақты кітап (16 ғасыр)

Мұндай кітаптарды кейде «сиамдық егіздер» не «twin book» деп те атайды. «Дозадо» ерекше түптелімінің арқасында тақырыбы жағынан ұқсас екі кітапты бір кітап етіп біріктіруге мүмкіндік туды. Өз елімізде де жас ақындар Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің осындай «егіз кітабы» шыққанына көп уақыт болған жоқ.

Алты түрлі әдіспен оқуға болатын кітап (16 ғасыр)

Бірегей кітап қиын вариациямен жасалған. Бұл да «дозадо» түптемесі, бірақ ішінде жеке-жеке түптелген әрі ілмегі бар алты кітап.

Мүйіз кітап (17 ғасыр)

Аздап ағаш айнаға ұқсайтын бұл балалар кітабы алфавиттен және оқуға оңай бірнеше сөзден ғана тұрады. Баланың көтеруіп жүруіне оңай болуы үшін ұстағышы жеңіл етіп жасалған. (Ол кезде кітаптар қазіргі кезге қарағанада әлдеқайда ауырырақ еді). Беттері жіңішке қабатты етіліп мүйізден жасалғандықтан «мүйіз кітап» деп аталады. Бала алғашқы әліппесін қолынан түсіріп алса да, еш зақым келмейді.

Электр және тығыздалған ауа көмегімен жұмыс істейтін кітап (1949 жылы)

Ол біздің қазіргі электронды кітаптарымыздың арғы атасы болып саналады, эл-кітаптың қазіргідей планшетке ұқсайтын түрі емес, дәстүрлі қағаз кітапқа ұқсайтын нұсқасы. Бірегей кітапты испан жазушысы әрі мұғалімі Анхел Роблес ойлап тапты. Ең таңырқарлығы – онымен әр түрлі мәтіндерді жүктеуге және жеке бөлік етіп ұлғайтуға болады. Құрушысы оған болашақта дыбыс, калькулятор және оқуға ыңғайлы жарық орнатуды жоспарлаған.

Жалғасы бар

@. @assel_assanova