Кәсіпкерге сандық технологияның қажеті қанша?

Кәсіпкерге сандық технологияның қажеті қанша?
Фото: ppvmarketingandcpa.com

Қазақстан халқының 73 пайызы интернетті ең кемі айына бір рет пайдаланады. Ал ол көрсеткіштің 2/3 бөлігі интернетті күнделікті қолданады. Дегенмен ең қажетті ресурстарға интернет арқылы қол жеткізіп отырған азаматтар әзірге аз.

Қазіргі таңда газет немесе журнал сынды әртүрлі басылымдар интернетке бейімделіп жатқаны белгілі. Тіпті олардың баспадағы нұсқасы жабылып, толығымен интернетке көшкендер қатары көбейді. Бұл IP-технологияның жылдам дамып келе жатқанын білдіреді.

Мысалы, интернет әлеміне дейінгі қоғамда адамдар жұмыс іздеу немесе сараптамалық мақала оқу үшін газет сатып алатын болған. Ал қазір өзекті ақпаратты газеттен іздеудің қажеті шамалы. Смартфоныңызбен интернетке кіріп, өзіңізге керек ақпаратты жылдам әрі өзіңіз қалаған көлемде ала бересіз. Бұл адамның уақыты мен қалтасындағы ақшасын үнемдейді.

Ал егер сіз жеке кәсібіңізді ашсаңыз, онда тұтынушыларды қайдан тарту туралы ойлайтыныңыз анық. Ол үшін де интернетті пайдалану тиімді болмақ. Мысалы, сіз әртүрлі жанрдағы кітаптарды сатумен айналысқыңыз келеді. Ол үшін алдымен кітаптар қай жастағы азаматтарға арналғанын, қазіргі қоғамда қандай жанрдағы кітаптар қай жастағы азаматтарға қызық екенін анықтап алу керек. Оған интернеттегі форумдарды пайдалануға болады. Себебі олардың базасында белгілі бір тақырыпқа қанша адамның қызыққанын көре аласыз. Содан кейін, клиенттер ретін әлеуметтік желілер арқылы да анықтауға болады. Ал статистиканы Google Adwords немесе Яндекс Директ арқылы көру мүмкіндігі бар.

Жарнама: онлайн әлде оффлайн?

Кәсібін енді бастап отырған адамдарға жарнама беру басты мәселе болатыныны анық. Ал жарнаманы онлайн берген тиімді ме әлде оффлайн ба? Интернетке бейімделіп үлгермеген азаматтар жарнаманы оффлайн беруді тиімді деп біледі. Ал шындығында, өз аудиторияңызды дәл тауып жарнама жасай алсаңыз, жарнама үшін интернеттен артық пайдалы платформа жоқ.

Жарнама беру әлеуметтік желілерде трендке айналған. Мысалы, әлемде ең көп қолданушысы бар Facebook желісінің мамандары адамдарды қызығушылығы, сұранысы, жасы, жынысы, геолокациясы сынды әртүрлі талаптар бойынша топтастырып, сізге қажет клиенттерді тауып береді. Мұнымен әлеуметтік желіде тегін айналысуға болады. Дегенмен, ақылы жарнама жүргізсеңіз, айтарлықтай көп тауар сата аласыз.

Ж. Өрісбай