Сөздер сөйлейді. Қорамсақ, қылшан

Сөздер сөйлейді. Қорамсақ, қылшан
Фото: www.livemaster.ru

Қорамсақ — садақ оғының қабы. Эпостар тілінде қорамсақ пен садақ сөздері синонимдік қатар түзейді. "Оқ қабы" мағынасында ілгеріректе қылшан сөзі де қолданылғанына куәміз. Мысалы, Қазтуған жырауда:

Қарағайдан садақ будырып, 
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, — деген жолдарды оқимыз. 

Ал Қобыланды батырда:
Дөңгеленіп келеді, 
Садақтың бауы сыртылдап, — деп суреттелсе, мұндағы садақ — белге байлап алған жақ және оқ қаптары. Бұл сөздердің морфологиялық құрамын талдап, түп-төркінін ашып берген ғалым — Ә. Қайдаров. Ол Халықаралық Алтаистика Конференциясының 1972 жылы Вена қаласында өткен XV сессиясында қазақ тіліндегі қару-жарақ, сауыт-сайман  атаулары жөнінде арнайы баяндама жасап, қорамсақ сөзінің құрамындағы сақ элементі бір сөз түбірінің йа/йақ/жа/жақ/са/сақ сияқты варинаттардың бірі, қылшан сөзі қыл (аттың құйрығы не жалының қылы) сөзіне "ыдыс, футляр, қап" мағынасындағы шан сөзі немесе -шан (-шын, -шін) жұрнағы қосылып жасалған сөз болу керек дейді. Орыс тіліндегі осы мағынадағы колчан сөзі — түркі тілдерінен шамамен XIII-XV ғасырларда енген сөз.

Бір көңіл аударатын нәрсе, қорамсақ сөзі қорам түрінде де қолданылған. Мысалы "Қыз Жібек" жырында: 
Енді қолын алғанша, 
Қорамға қолын салғанша, — деп келеді. Бұл мысал қорамсақ сөзінің құрамы қорам+сақ деген екі бөлек сөзден тұратындығын, оның сақ компонентін қоспай да, "оқ қабы" ұғымын бере алатындығын аңғартады. Осы сөздің қорамса варинаты және болған. "Ақжонасұлы ер Кеңес" деген жырда: 

Қорамсаны қолға алды,
Айтайын деп оңдалды, 
— деп келген жолдарды кездестіреміз. Бұлар орфографиялық қателер емес, біз әңгіме етіп отырған сөздің және оның құрамының бірнеше фонетикалық вариантта келген бір сөзден пайда болғандығын көрсететін фактілер.

Ж. Исакаев