Сөздер сөйлейді. Маңғыстау

Сөздер сөйлейді. Маңғыстау
Фото: www.wikiwand.com

Маңғыстау. Бұл жерде біз етістік маңғыстау–ды сөз еткелі отырмыз. Махамбеттің бір өлеңі:

Маң-маң басқан сары атан
Маңғыстап шығар өріске, - деп басталады. Мұнадағы маңғыстап сөзінің түп төркіні мен мағынасы туралы бізден бұрын қазақ сөздері тарихына үңіле жүретін ғалымдар Е.Жанпейісов пен Қ.Өмірәлиев айтқан болатын. Соны қайталай еске түсіріп, өз тарапымыздан мысалдар қосып, осы сөзді және бір түсіндіріп өтпекпіз. Бұрын да дұрыс көрсетілгендей, бұл сөздің түбірі – маң. Көне түркі тілдерінде ман/маң сөзі «шаг», «хождение» деген есім ретінде де, «шагать, идти, ступать (ногой)» деген мәндегі етістік ретінде де жұмсалған. Осы түбірден маңым «шаг», маңығ «походка, поступь» сөздері де жасалып жұмсалған. Көне түркі тілінде маң-/ман- деген етістіктің маңла- түрі де болған. Тіпті қазақ тілінде маң-маң басу (маң-маң, маң басқан, шудаларын шаң басқан) тіркесінде келетін маң-маң тұлғасы да көне заманда қолданылған: маң, маң- , мұны тілінше тұлғаласақ, маң маңу болып шығады, яғни «адым адымдау» немесе «адымдап жүру». Қазақ тілінде «адым» ұғымындағы маң есім сөзі де, онымен түбірлес маңу, маңлау деген етістіктер де қолданылмай, бұл сөзден тек маң-маң басу және маңғыстау деген тұлғалар сақталған, маң-маң сөзі басу, жүру сияқты қосалқы етістіктерсіз қолданылмайды, себебі маң- сөзінің мағынасы күңгірттенген, сол сияқты маң- түбіріне етістік тудыратын –ғы жұрнағы жалғанып маңғы етістігі (қаңғы, саңғы сияқты) жасалған, оған –с жұрнағы жалғанып қайтадан есім туған, ал маңғыс есіміне –та жұрнағы жалғанып екінші рет етістік пайда болған, сөйтіп, маңғыста (маңғыстау, маңғыстамақ ) деген морфологиялық «қырық шекпен» киген сөз ғана сақталған. Маңғыстау етістігінің мағынасы – көне түркідегі маң- етістігіндей «адымдау, жүру», мүмкін, бұған «ілгері басу, өрістеу» реңктері косылған болу керек. Қазақ тілінде маң-маң басу етістігі белгілі бір «пропискасы бар» «паспортты» сөз, ол «пропискасы» - ақырын, байсалды түрде адымдау, мысалы, аяғын байсалды басатын түйеге айтылады (маң, маң басқан сары атан өріске маң, ыстап шығады), егер бұл етістік адамға айтылса да, әңгіме жай ғана адымдау туралы емес, аяғын «ақырын, байсалды түрде маңғаздана басу » жайында болады.

Сөйтіп, маңғыстау етістігі – «жүру,адымдау» дегенді білдіретін, сирек қолданылатын сөздердің бірі.

Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен

Ж. Исакаев