Теңгенің «сұлулығына» тең келер банкнот жоқ

Теңгенің «сұлулығына» тең келер банкнот жоқ
Фото: tengrinews.kz

Британдық «The Telegraph» басылымы әлемдегі ең әдемі банкноттардың жаңа рейтингін жариялады. Рейтингте бірінші орында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге тұр.

Басылым түзген рейтингке 15 банкнот енген. Ал үздік деп танылған қазақстандық банкнотқа 10 мың теңгелік қар барысы бейнеленген купюра таңдап алынған.

Екінші орынға Оңтүстік Африка Республикасының ұлттық ақша бірлігі — оңтүстікафрикалық рэнд орналасқан. Қара құрлық мемлекетінің банкнотында түрлі жануарлар бейнеленген.

Рейтингтегі үштікті Жаңа Зеландияның бес доллары түйіндеп тұр. Бұл банкнотта сары көзді пингвин - хоихо бейнеленген.

Төртінші орынды француз тынықмұхитты франкі алды. 500-дік франкте адамдар, аралдағы флора мен фауна көрініс тапқан.

Үздік бестікке «коста-рикалық колон» деген атаумен танымал болған Коста-Рика валютасы кірді. Екі мыңдық банкнотта акула мен теңіз жұлдыздары бейнеленген.

Айта кетейік, теңге алғаш рет әлемдегі ең әдемі банкнот ретінде бағаланып отырған жоқ. Осыған дейін де бірнеше рет әлемдік рейтингтерде Қазақстанның ұлттық валютасы ең әдемі деп танылған еді.  

О. Сансызбай